Денсаулық сақтаудың бірегей ұлттық жүйесі аясында азаматтардың таңдау құқығы қамтылатын болады - Ж. Досқалиев

None
None
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев денсаулық сақтаудың бірегей ұлттық жүйесі жобасын ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

   «Бұл жүйенің негізі біршама бағытты қамтып отыр. Мәселен, бұнда ең алдымен медициналық қызмет көрсетуде бәсекелестік ортаны қалыптастыруға маңыз беріліп отыр. Бұл ретте тегін медициналық қызметті мемлекеттік мекемелер секілді жеке сектор да, жергілікті және халықаралық ұйымдар да ұсынатын болады. Дегенмен онда бірқатар талаптар да қарастырылады. Мәселен, ең алдымен мекеменің медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болуы шарт. Екіншіден, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін бүгінгі күні мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан аккредитацияның болуы да міндеттеледі», деді Ж. Досқалиев.

   Оның айтуынша, бірегей ұлттық жүйе аясында азаматтардың кепілдендірілген көмекке жүгінуі үшін мемлекеттікпен қоса жекеменшік клиникаларды таңдау мүмкіндігі қарастырылады. Яғни, стационарлық көмекке зәру азаматтар еліміздің кез келген өңірінен кез келген клиниканы таңдап емделуіне жағдай жасалады. «Бұдан басқа көрсетілген қызметтердің мөлдірлігін қамтамасыз ету шаралары жүзеге асады. Мәселен, бұнда мемлекет бөлген қаражат тек нақты көрсетілген қызметтерге, фактілер бойынша көрсетілген іс‑шараларға ғана бөлінетін болады. Осылайша, ең басты шаралар көбінесе соңғы нәтижеге бағдарланатын болады.  Нәтижесі жақсы болса жекеменшік клиникаларға қаражат толық төленеді», деді Ж. Досқалиев.  

Соңғы жаңалықтар