Денсаулық сақтау вице-министрлеріне «Спутник V» вакцинасының 2-дозасы егілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов және аталмыш ведомствоның тағы бір вице-министрі Ажар Ғиният «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екпе денсаулық сақтау саласының жауапты басшыларына №6 қалалық емханада жүргізілді. Пациенттер вакцинаның алғашқы дозасынан кейін еш шағымы жоқтығын айтты. Вакцинация процесі «24 kz» телеарнасынан тікелей эфирден көрсетілді.


Еске сала кетсек, Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 1 ақпанда салдырған болатын. Вице-министрлерге ресейлік «Sputnik V» вакцинасы егілді. Егуден бұрын олар тексеруден өтіп, вакцина салдыруға қарсы көрсетілімі жоқ екені анықталған. Бұл жолы да препаратты алдымен Ерлан Қиясов, одан кейін Ажар Ғиният алды.

Бұған дейін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева «Коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшаулану керек пе?» деген сұраққа жауап берген болатын.

«Шын мәнінде оқшаулану – адамдардың басқа біреулерге вирус жұқтыруының алдын алу үшін керек. Мұндай жағдайда коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшауланудың қажеті жоқ. Бірақ адамдар ең алдымен, өзінің қауіпсіздігін ойлауға тиіс. Сол себепті вакцина алатын адам үшін толығымен карантин режимін сақтаған дұрыс. Вакцина салдыратын кез келген адамның ең біріншіден, дені сау болуы керек. Екпе алған адам қоршаған ортаға қауіпсіз. Вакциналанған адамға коронавирус жұқпайды. Яғни, вакцина құрамында инфекциялық негіз жоқ», - деді Нұршай Әзімбаева.


Соңғы жаңалықтар