Денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл халыққа тегін таратылатын дәрілерді сатып алу кезінде бюджеттің біраз қаржысы үнемделді. Енді, ол ақшаға жетпей жатқан препараттарды сатып алуға мүмкіндік бар. Ал осы саладағы «ең арзан баға» қағидаты коммерциялық нарыққа да тараса, тегін дәрілерді алмайтын адамдар да өз ақшасын үнемдейді, қосымша дәрі-дәрмек алады, я болмаса, басқа қажеттіліктеріне жаратады. Дегенмен, денсаулық сақтау саласындағы реформалар осымен бітпейді. ҚазАқпарат тілшісі маңызды деген өзгерістерді сараптап шықты.

Сөз жоқ, тегін дәрі-дәрмекті сатып алу саласындағы оң өзгерістер министр Біртановтың басты жетістігі деуге болады. «СК-Фармацияда» болған былық-шылықтың кесірінен бюджеттің біраз ақшасы талан-таражға салынды. Содан тегін препараттар халыққа жетпей қалды. Биылдан бастап ол дәрі-дәрмекті сатып алу шаралары бірыңғай жүйе бойынша атқарыла бастады. Министр Елжан Біртановтың айтуынша, ағымдағы жылда барлық мемлекеттік сатып алулар ашық өтті. Соның нәтижесінде қыруар ақша үнемделді. «Біз ол ақшаны қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаймыз. Себебі аймақтардан тағы тапсырыстар түсіп жатыр. Биыл 34 млрд теңге жетпей қалды. Үнемделген ақша соған жіберілді. Сондықтан жылдың аяғына дейін барлық препараттар толық көлемде сатып алынады. Осы айда біз 2019 жылға арналған препараттарды сатып алуды бастаймыз. Демек, жылдың аяғына дейін тегін дәрі-дәрмектің бәрі емxаналар мен дәріxаналарға жеткізілетін болады», - дейді Елжан Амантайұлы. Соған қарағанда, келесі жылы тегін препараттармен қамту жағынан ешқандай проблема болмауы қажет. Осы санатқа туберкулезге қарсы инновациялық препараттар да еніп отыр. Қазақстанда ондай ем-дом әлі тіркелмеген. Алайда Қазақстан оны тікелей Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы арқылы сатып алатын болады.
Әрине, созылмалы ауруы бар науқастардың барлығын бірыңғай базаға қосқан маңызды. Ал рецептер электронды үлгіде берілуі керек. Былайша айтқанда, барлық шаралар автоматты түрде жасалғанда нақты сұранысты көруге болады. Соған қарай бюджет қаржысын да жұмсау қажет. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде тегін препараттар артығымен сатып алынады. «Цифровизацияға көшкенде Қазақстан бойынша тегін дәрі-дәрмекті сатып алуды 35 процентке азайтуымыз қажет. Қазіргі кезде біз нақты сұранысты білмейіміз. Соның салдарынан артық ақшаны шығарып жатырмыз. Дәрі-дәрмекті сатып аламыз. Ал оның бәрі қоймада жатады. Мәселен, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында тегін дәрі-дәрмектің 50 проценті жай жатыр. Демек, миллиард теңгеге жуық ақша артығымен жұмсалды», - деді Б.Сағынтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

nullАл тегін дәрі-дәрмекті сатып алу жүйесіне келер болсақ, барлық препараттар «ең арзан баға» қағидаты бойынша сатып алынады. Талапқа сәйкес, дәрі-дәрмек жеткізуші компаниялар алдымен бағаны ашық көрсетеді. Аталған баға нақты деректерге негізделуі шарт. Ол үшін 39 елдің бағалары алынады. Оның ішінде Еуропа мемлекеттері де бар. Себебі кейбір жеткізуші компаниялар Еуропаға арзан бағамен тасиды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қымбатқа сатады. Содан 39 елдің қатарына Еуропаны да қосты. Сөйтіп, бюджет тарапынан сатып алынатын дәрілердің бағасы ең төменгі бес бағаның ішінен таңдалады. Алдағы уақытта аталған жүйені коммерциялық нарыққа тарату жоспарланған. Сонда тегін дәрілер ғана емес, дәріханада тұрған барлық препараттар арзан бағамен жеткізіледі. «Қазір барлық дәрі-дәрмектердің бағасын тіркеуге арналған заң жобасы Парламентте жатыр. Аталған құжат бірінші оқылымнан өтті. Жылдың аяғына дейін қабылданады деген сенім бар. Сөйтіп, келесі жылдан бастап барлық медициналық препараттардың бағасы тіркеуге алынады. Өнім өндірушілер өз бағасын сайттар арқылы ашық көрсетеді. Бірақ басқа мемлекеттердің бағаларын да салыстырмалы түрде көрсетуге міндетті болады. Сонда әділ баға болады», - дейді министр Біртанов.

Дәрі-дәрмектің бағасын ашық жариялап, халықтың ақшасын үнемдесек, медицина саласын тиімді басқарудың арқасында дәрігерлердің жалақысын көтеруге болады екен. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелерде корпоративті басқаруға негізгі басымдық беріле бастады. Бүгінде бақылаушы кеңестердің саны артты. Ал оның құрамына медицина қызметкерлері ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері де кіре алады. Барлығы бірігіп, емxананы, я болмаса, ауруxананы тиімді басқарып, қаржысын үнемдей алады. «Жақында біз Үкіметте жаңа заң жобасына дауыс бердік. Онда бақылаушы кеңестердің мәртебесі көтеріледі. Біз медицина ұйымдарына ұжымдық басқару жүйесін енгізіп жатырмыз. Енді, емxананы жалғыз бас дәрігер емес, басқарма мүшелері басқаратын болады. Аталған жүйе бізге не береді? Әрине, мекеме жұмысының тиімділігі артады. Сосын жалақы көтеруге мүмкіндік бар. Мәселен, бүгінде мемлекеттік емxана қызметкерлері қолға 133 мың теңге алса, басқару үлгісі басқаша мекемеде 157 мың теңге алады. Демек, артық шығындарды қысқартса, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге әбден болады», - дейді Елжан Амантайұлы.

Әлбетте, қала мен ауылдың жалақысы бірдей емес. Содан жас мамандар ауылды жерге барғысы келмейді. Университетті бітіргендердің көбісі қалада қалуға тырысады. Оған қоса, бір мамандық бойынша тым көп адам дайындалса, енді бір мамандыққа адам жетіспейді. Содан нақты мамандықтар бойынша тапшылық туындап отыр. Мәселен, республика бойынша жалпы дәрігерлер, акушер-гинекологтар мен реаниматологтар жетіспей жатыр. Сол себепті министрлік медицина мамандықтары бойынша берілетін мемлекеттік гранттардың шарттарын өзгертті. Министр Елжан Біртановтың сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алғандар міндетті түрде оқуды өтейтін болады. Талап бойынша жас мамандар үш жыл мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге міндетті. Алдағы уақытта қосымша нормативтік құжаттарды рәсімдеу жоспарланған. Соның негізінде жас мамандарды мемлекеттік мекемелерге жіберіп қана қоймай, нақты қай жерде маман тапшылығы бар, сол жерге бағыттайтын болады.

Айтпақшы, халықтың емханаға тіркелу ережелері де өзгеретін болды. Өйткені қазіргі талаптар алаяқтық әрекеттерге тосқауыл бола алмайды. Ауруханаға тіркеу үшін тек жеке куәліктің көшірмесі мен өтініш қана қажет. Ал оның бәрін қолдан жасай салу қиын емес. Министр Біртановтың өзін басқа облысқа тіркеп жіберген. Осыған байланысты емxанаға тіркелуді xалыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізу көзделген. Сонда адамның өзі келіп, емxанаға тіркелетін болады.

Сонымен, тегін дәрілерді сатып алу жүйесін автоматты түрде жүргізсек,  бюджеттің біраз ақшасын үнемдейміз. Ал «ең арзан баға» қағидаты коммерциялық препараттарға да тараса, халықтың ақшасы үнемделеді. Ұжымдық басқару арқылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге болады. Енді, халықтың емханаға тіркелуі әділ әрі ашық жасалса, өз еңбегіне адал дәрігерлерге қосымша ақша түседі. Себебі бүгінде бюджет қаржысы емханаларға пациенттердің санына қарай төленеді.

Соңғы жаңалықтар