Денсаулық сақтау саласы сапалы білім беру жүйесінсіз жұмыс істей алмайды - Алексей Цой

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеге ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цой келіп, емдеу мекемелері мен ондағы мамандарды даярлайтын медициналық университетті аралап көрді. Профессорлық-оқытушы құраммен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің медициналық орталық ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы салада Сіздердің жоғары оқу орындарыңызбен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Өйткені, оқу орнының ғылыми әлеуеті жоғары. Біз үшін медициналық университеттің түлектері – ерекше бренд. Бұл білім ордасынан расымен мықты дәрігерлер шығады.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы – бұл үлкен құрылым. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инновацияларды, жаңа технологияларды, оның ішінде білім беру технологияларын іздеуде және енгізуде өңірлерге көмек көрсету. Ал, денсаулық сақтау саласы сапалы білім беру жүйесінсіз жұмыс істей алмайды», - деп атап өтті Алексей Цой кездесу барысында.

Мұнан соң, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті.

Айта кетейік, ҚР ПІБ МО-ның құрамында Астанадағы бірегей ядролық медицина орталығы және Алматыдағы орталық клиникалық аурухана, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың инновациялық практикалары бар «Қарлығаш» балабақшалар желісі бар. 6 мыңға жуық жоғары білікті маман жұмыс істейтін ұйымдарда Joint Commission International, ISO, GPP, IIac-mra стандарттары енгізілген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы биыл еліміздің барлық өңірлерімен арада әріптестік байланысты нығайта түсуге баса мән беріп отыр. Бұл қадам Медорталықтың Ақтөбе облысындағы күндерін өткізуден бастау алды.

ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталықтың Ақтөбе қаласындағы күндері аясында медицинаның ең өзекті мәселелері талқыланып, оны шешу жолдары ұсынылды.

ФОТО: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар