Денсаулық сақтау министрлігі дәрінің шекті бағасына қатысты түсінік берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев дәрі-дәрмектердің шекті бағасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын шығын сомасының өсуін тежеу, сондай-ақ бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы көтерме және бөлшек саудада жылына екі рет дәрі-дәрмектің шекті бағасы бекітіледі. Көтерме және бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмектердің шекті бағасына тоқталса, Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен 6 715 дәріге шекті баға бекітілді», - деді Ж.Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл бұйрықта 4 296 (64%) позиция бойынша былтырғы шекті баға өзгерген жоқ. Ал, 1 918-іне (28,5%) қатысты баға орта есеппен 30 пайызға өсті, яғни өндіруші зауыттарда препараттар құны қымбаттады. 501 (7,5%) дәрілік зат бойынша баға орта есеппен 7 пайызға арзандады.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында және МӘМС жүйесіндегі дәрі-дәрмектің нақты бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2672 дәрі-дәрмекке бекітілген», - деді вице-министр.

«Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаны көтергендер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде елімізде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген. 2022 жылы дәрі-дәрмектің 117 атауына және медициналық заттардың 164 атауына теріс қорытынды жасалды, яғни олардың нарыққа жіберілуіне рұқсат берілмеді.

Айта кетейік, жақында сенатор Ақмарал Әлназарова сапасыз дәрілік заттардың импортына тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты.


Соңғы жаңалықтар