Денсаулық сақтау министрі: Коронавирус өршіген елдерден жолаушы тасымалдауды азайту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Оңтүстік Корея, Италия, Иран және Жапония мемлекеттерімен қарым-қатынасты төмендетіп, ұшақтар мен жолаушы тасымалын азайту керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басқа мемлекеттер бойынша бүгін ведомствоаралық штаб отырысы болады. Біздің ұсынысымыз Оңтүстік Корея, Италия, Иран және Жапония мемлекеттерімен қарым-қатынасты төмендетіп, ұшақтар мен жолаушы тасымалын азайту керек. Оның себебі осы мемлекеттерде кейінгі үш күнде коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны көбейіп келе жатыр. Біздің азаматтарға тағы да ескерте кетсем, әсіресе Кореяға барушыларға – қазір онда баруға болмайды. Өте қауіпті», - деді Елжан Біртанов Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың мәселесі де ведомствоаралық комиссияда қаралмақ.

«Мұны біз білеміз. Біздің азаматтарымыз көп. Емделуге барғандар, турис болып барғандар, жұмыс істеп жатқандар да бар. Олардың елге қайтуына мүмкіндік беруіміз қажет. Бірақ барлық азаматтар толық тексерілетін болады», - деді ол.

Елжан Біртанов халықтың карантиндік шараларды дұрыс түсінбеуі алаңдататынын айтты.

«Мұндай оқиғаға көптеген елдер тап болып жатыр. Азаматтарға тағы бір рет жүгінгім келеді. Карантинге жатқызылған адамдар науқас болып саналмайды. Бұл қауіпсіздік шарасы. Біз 20 ақпаннан бері сырттан келген азаматтарға өздігінен оқшаулануға кеңес беріп отырмыз. Достардан, әріптестерден оқшаулану қажет. Бұл бүкіл әлемде қолданылып отырған тәжірибе. Көптеген елдер арнайы карантиндік орындармен қатар үйде оқшаулану шараларын да ұсынып жатыр. Өйткені барлығын арнайы орынға орналастыру мүмкін емес. Байбалам туғыздың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Қажетті шараның бәрі жасалып жатыр. Бұл ауруды емдеу мүмкіндігі бізде бар. Дей тұрғанмен ауру байланыс арқылы тез жұғады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар