Денсаулық сақтау министрі дәрігер жетіспеушілігіне қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарын бітіретін түлектердің саны алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлеріне деген сұраныс көлемінен артады. Дегенмен, өңірлерде мамандар жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сілтеме жасап.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, өңірлерде 40% дейін дәрігерлер жетіспейді, ал 60% 4-5 жылдан кейін зейнетке шығады.

Кадр жетіспеушілігі мәселесін Денсаулық сақтау министрі де растады. Ол алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін мысалға келтірді. Осыған байланысты, медициналық учаскелердің санын 1,5 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Ол үшін 1,5 мың дәрігер мен 4,5 мың медбике қажет болады.

«Түлектеріміз жетіп артылады. Тіпті оқуға қабылдауды азайта бастадық, біздің елде жан басына шаққандағы кадрлармен қамту деңгейі дамыған елдерден асып түседі. Алайда, дәрігерлер баруы керек жерлерге бармай, тіпті мамандықпен жұмыс жасамайтын кездері болады», - деді министр.

Сол себепті 2019 жылдан бастап Қазақстандағы түлектер өңірлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Елжан Біртанов аталмыш механизмді енгізу арқылы сектордағы кадр жетіспеушілігін азайтуға болады деген пікірде.

Министрдің айтуынша, кадр жетіспеушілігіне тек ел ішіндегі көшіп-қону ғана емес, сондай-ақ, шет елге кету себеп болуы мүмкін. Қазақстандағы негізгі мәселе - еңбекақының аздығы. Аталмыш проблеманы шешу үшін келесі жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын 20% көтеру жоспарланған. Дегенмен, бұл барлық қызметкерге қатысты болмайды, тек науқастарды бақылаудың жаңа әдістеріне (балаларды  үйде бақылау, жүкті әйелдерді тексеру) көшіп, жақсы жұмыс жасаған дәрігерлерге ғана жағдай жасалады.

Соңғы жаңалықтар