Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылдарда вакцинация барысын тексерді

None
None
ТАЛҒАР АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысына жұмыс сапары барысында ауылдық медициналық мекемелерде КВИ-ға қарсы вакциналау барысының ұйымдастырылуымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші нысан Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылының дәрігерлік амбулаториясы болды, ол тіркелген 8,5 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді. Олардың жартысынан көбі вакцинациялануы тиіс.

Министр адамдардың көп жиналуына және денсаулыққа қауіп төндіруге жол бермей, вакцинацияның жоспарлы процесін қамтамасыз ету қажет екендігін атап өтті.

Дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Баян Есенбаеваның айтуынша, осы мақсатта дәрігерлік амбулатория базасында құрылған мобильді бригада ауыл тұрғындарына алдымен қоңырау шалады: вакцинация жүргізілетіні туралы хабарлайды, тілек білдірушіні тіркейді, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап береді.


Бүгінгі таңда ауылда егу науқаны қызу жүріп жатыр. Амбулаторияның жеке кабинетінде пациенттерді жалпы практика дәрігері алдын ала қарайды, олардың дене қызуы мен қысымы өлшенеді, созылмалы ауруының бар-жоғы сұралады, вакцинациядан кейін сақтық шараларын сақтау қажеттілігі түсіндіріледі.

Арнайы жабдықталған егу кабинетінде вакцинаны сақтау және енгізу үшін жағдай жасалған: мұздатқыш жабдық, вакцинаға арналған бокс бар, барлық температуралық жағдай сақталады.

Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда 135 адам вакцинацияланды, оның ішінде медицина қызметкерлері. Ауылдық амбулаторияға келген вакцинаның тағы 300 дозасын алдағы екі күнде пациенттерге егу жоспарланып отыр. Ауылдық амбулаторияға барған кезде министр дәрігерлермен және пациенттермен әңгімелесті, вакцинаны алған және дәрігердің бақылауында тұрған адамдардың денсаулық жағдайы туралы сұрады.

«Бүгінде халық вакциналарға көбірек сенім артты. Алдымен, тіпті медицина қызметкерлері де сақтықпен қарады. Бұл түсінікті: вакцина жаңа. Бірақ біраз уақыттан кейін біз вакцинаны алған адамдар өздерін жақсы сезінетінін көреміз, ешқандай айқын реакция тіркелген жоқ, егер олар болса, кез-келген вакцинада көрінуі мүмкін температураның уақытша көтерілуі, әлсіздік сияқты», - деп атап өтті Алексей Цой.


«Қазір біз вакцинацияның қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Кеше ғана елімізде 70 мыңға жуық адам егілді, ал бүгінде жалпы алғанда жарты миллионнан астам азамат вакцинациямен қамтылды. Қарқыны артып келеді, Қазақстанның әрбір өңіріне вакцина келіп түсетін кестелер бар. Бұл вакциналар Еуропа, Азия елдерінде де қолданылады және біз жоғары тиімділікті көреміз. Сондықтан біз үшін азаматтардың оларға қол жеткізуі өте маңызды, әсіресе халық үшін бұл тегін», - деді министр өңірге сапары барысында.

Денсаулық сақтау министрі сондай-ақ, вакциналау қарқыны артатынын, ал өңірлерге вакцинаны жеткізу күн сайын арта түсетінін атап өтті.

Алексей Цой сондай-ақ Талдыбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға бару ауыл азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін, вакцинация кабинеттерінің, қажетті температураны ұстап тұратын тасымалданатын мұздатқыш камералардың бар екенін атап өтті. Ол медициналық көмек көрсетудің мұндай деңгейі іріктеліп емес, облыстың барлық ауылдық елді мекендерінде қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.


Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан барлық әдіснамалық көмек көрсетіледі, медициналық қызметкерлерді оқыту тұрақты негізде жүргізіледі, барлық нұсқаулықтар медициналық ұйымдардың басшыларына жеткізіледі.

Бірақ, қазір ол барлық иммундау алгоритмдерін сақтай отырып, халыққа вакцинацияға барынша қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар