Денсаулық сақтау менеджерлерін сертификаттау қолға алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласындағы менджерлердің қызметіне сәйкестігін тексеретін арнайы қауымдастық құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігін таныстыру шарасы өтті.

Аталмыш ұйым саладағы менеджерлердің лауазымына сәйкестігін анықтап, кезең-кезеңмен біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыруға міндет алып отыр.

«Біздегі медицина менеджментіне жетпей тұрған дағдылардың бірі – коммуникация. Коммуникация - елдің алдында еркін сөйлей білу ғана емес, қоғаммен жұмыс істей білу, олармен ашық қарым-қатынас орнату, олардың талап-тілектеріне құлақ түріп, ұсынысы-пікірлерін ескеру», - дейді қауымдастықтың кеңес төрағасы Қуаныш Ералиев.

Қауымдастық өкілі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұйым жұмыс істейтін үш негізгі бағытты атады.

«Негізгі бағытымыз – денсаулық сақтау саласындағы менеджерлердің қызметіне сәйкестігін тексеріп, сертификаттау. Сертификат алу үшін қызметіне сай болуы негізгі шарттардың бірі. Екінші бағытымыз – біліктілікті көтеруге арналған курстар өткізу. Ондай шаралар офлайн да, онлайн да форматта ұйымдастырылуы мүмкін. Үшінші бағытымыз – саладағы мамандардың бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасуына жағдай жасау», - деді Қуаныш Ералиев.



Соңғы жаңалықтар