Денсаулық сақтау инфрақұрылымына 2025 жылға дейін қанша қаржы қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау инфрақұрылымына 2025 жылға дейін 1,3 трлн теңгедей инвестиция қажет. Бұл туралы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда өңірлер жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 111 денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асырды. Конкурстық рәсімдерді өткізу сатысында тағы да 93 жоба бар, 83 жоба әзірлеу сатысында. Өңірлер басымдықпен амбулаториялық-емханалық қызмет нысандарын салу және оны пайдалануға беру бойынша жобаларды, сондай-ақ медициналық техникамен жарақтандыру бойынша жобаларды іске асыруда.

«Өңірлердің әкімдіктері бекіткен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарларына сәйкес, 2025 жылға дейінгі инвестицияларға қажеттілік 1,3 трлн теңгеден астам қаржыны құрады. Амбулаториялық-емханалық және стационарлық нысандар құрылысының жобаларын іске асыру үшін медициналық қызметтер үшін тарифті төлеумен «сервистік МЖӘ» моделін, сондай-ақ нысанды мемлекеттік меншікке берген жағдайда инвестицияларды өтеумен келісімшарттарды пайдалану ұсынылады», - деді Е. Біртанов.

Оның пайымынша, жеткілікті қаражат мөлшерін генерациялауға қабілетсіз жобалар бойынша мемлекеттік бюджеттік қаржыландыруды пайдалану қажет. Ірі ауруханалар инфрақұрылымдық МЖӘ тетігі бойынша іске асырылатын болады.

«2019 жылғы маусымның соңына дейін өзектендірілген Өңірлік даму жоспарлары негізінде 2026 жылға дейінгі ҚР Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары бекітілетін болады. Осылайша, инфрақұрылымды дамытудың перспективалық жоспарлары халықтың іс жүзіндегі қажеттілігіне сәйкес келетін стратегиялық жоспарлау құралы болды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар