Денсаулық пен білімге ІЖӨ-нің 10% бөлу туралы Елбасы тапсырмасы жігерлендірді - академик

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу ғылымның дамуына үлкен серпін әкеледі. Бұл туралы «Эко-Көкше» экологиялық орталық» ҚБ-гі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы және Ресей Жаратылыстану академияларының академигі Әділжан Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, маған бұл жолғы Жолдау өзінің кеңейтілген форматымен ұнады. Әсіресе, диалог ретінде өткен шарада Үкімет пен қоғам өкілдерін көрдік. Екіншіден Жолдаудың басым бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталды», - дейді Ә.Құсайынов.

Білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу ғалымның көңілінен шықты.

«Егер бұл орындалатын болса, онда ғылымның дамуына үлкен серпін әкеледі. Егер білім мен денсаулық сақтау саласына 4 пайыз, ал, ғылымға 2 пайыз бөлінсе де үлкен көмек болары сөзсіз. Менің білуімше, 2018 жылы аграрлық ғылымға барлығы 0,12 пайызға ақша бөлінген. Ал, ғылым бұл прогрестің қозғалтқышы. Сондықтан, егер бұл бастама жүзеге асырылып жатса, онда ел экономикасының дамуына пайдасы зор болады», деп есептейді Ә.Құсайынов.

Профессордың айтуынша, дамыған елдерден жаңа технологияларды енгізу отандық ғылымды назардан тыс қалдырмайды. Керісінше, сол жаңа технологиялар жергілікті өндіріс орындарында бейімделуді қажет етеді. 

«Жоғары білімнің сапасына қатысты көтерілген мәселені де түсінуге болады. Енді жоғары оқу орындарындағы білімнің сапасы студенттердің жұмысқа орналасуына байланысты бағаланатын болады. Ал, бұл өз кезегінде қажетсіз мамандардың санын кемітеді.     Ғалым ретінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мәселесі мені толғандырмай қоймады. Кеңестік дәуірде мен де ғылымның жетістігін өндіріске енгізумен айналастым.  Президент мысал ретінде ғылымның арқасында бірнеше агроқұрылымдарда ауыл шаруашылығы дақылдары 2,7 есеге, жүгері өнімділігі 3-4 есеге ұлғайғанын атап өтті. Бұл жерде әрине, аграршылар мен ғалымдардың қосып отырған үлесі зор.  Жолдауда айтылғандай ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5 пайызға ұлғайтуда аграрлы ғылым мен өндіріс біріккені маңызды рөл атқарады.

Агроөнеркәсіптік кешенде мұның барлығын жүзеге асыратын болсақ, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен қадам болар еді», - деді Ә.Құсайынов.

Сонымен қатар, профессор маңызды құжатта агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында үлкен жұмыстар күтіп отырғанын да атап өтті.

«Экологиялық жағдайға да назар аударылуы маңызды. Елбасы Энергетика министрлігінің назарын қоршаған ортаның сапасын арттыруды бақылауға, жер қойнауын пайдаланушыларға талаптарды күшейтуге аударды. Өйткені, бізде қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарға талап қатты емес. Талаптарды қатайту керек. Қазіргі кезде кәсіпкерлік саласында тексерістер жүргізуге шектеу қойылып отырғаны белгілі. Алайда, бұл шектеулер экологтарға кедергі болмауы тиіс. Бірінші кезекте қоршаған ортаның сапасына көңіл бөлінуі керек. Қолайлы қоршаған ортасыз тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қол жеткізу мүмкін емес», - деп сөзін түйіндеді Ә.Құсайынов. 

Соңғы жаңалықтар