Денсаулық министрлігі тұмау мен ЖРВИ бойынша эпиджағдайды айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері жедел респираторлық-вирустық инфекцияға шалдығудың 23 мыңнан астам жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің ресми сайтында мәлім етілгендей, 20 қазандағы жағдай бойынша, республикада ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

«Тұмау жағдайлары тіркелмеген, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері (2018 жылғы 1 қазаннан бастап) ЖРВИ-дың 23203 жағдайы тіркелді (сырқаттану көрсеткіші - 127,0). Сырқаттану деңгейі өткен жылдың деңгейінен 7% төмен. ЖРВИ-мен ауырған адамдардың негізгі бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды (66,1 %)», - делінген ведомство хабарламасында.

Вакцинация кампаниясы басталғалы Қазақстанда тұмауға қарсы 1 млн 243 мың 419 адам егілген.

«Бұл, жалпы республика халқының 6,8 % құрайды, оның ішінде 32% - 14 жасқа дейінгі балалар, 68% - ересектер. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелмеген», - деді министрліктен.

Тұмау және ЖРВИ-дің алдын алу шаралары ағзаның өзіндік қорғаныш күшін нығайтуға бағытталған және вакцинациямен қатар жүргізіледі.

Спецификалық емес қорғаныш ретінде иммунитетті жақсарту препараттары (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және т.б.), поливитаминдер қолданылады.

Сондай-ақ дәрігерлер ЖРВИ-мен ауыратын адамдармен қарым-қатынаста болған кезде бетперде киюге, қолды сабынмен немесе антибактериалдық заттармен (құрамында спирт ерітіндісі бар) жууға, жөтелгенде және түшкіргенде бір рет пайдаланылатын орамал немесе сулықтарды пайдалануға кеңес береді. Бұдан бөлек, көзді, мұрын және ауызды лас қолмен ұстамау, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу (ойын-сауық және спорттық іс-шаралар, жиналыстар, кездесулер  және т.б.), баспананы тұрақты желдету, салауатты өмір салтын ұстану (жақсы  ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, дәрумендерге бай құнарлы тамақ) қажет.

Ағзаны шынықтыру жолдары: тамақты салқын сумен шаю, контрасты душ қабылдау, бассейнге бару.

Науқас адам үйде болған жағдайда оны оқшаулауды қамтамасыз ету, науқас және сау адамдар да бетпердені пайдалануы қажет.

Соңғы жаңалықтар