Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 12 °С
Алматы: 16 °С
USD 336.39 EUR 390.28
RUB 5.36 CNY 52.42
Жаңалықтар

Денсаулық министрлігі Аягөзде ауыз су сапасына бақылауды күшейтті

2018 жылғы 14 наурыз 18:07 1045
Бөлісіңіз:
Денсаулық министрлігі Аягөзде ауыз су сапасына бақылауды күшейтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде, соның ішінде Аягөз қаласында ауыз судың сапасы қатаң бақылауға алынды. "Сондай-ақ, Аягөзде мобильді топтар құрылды. Олар жергілікті жердегі судың сапасын бақылап отырады. Қазіргі кезде су тасқынынан зардап шеккен 40 адам  мектеп-интернаттың ғимаратына уақытша көшірілді. Сол жерде асxана, жатын орын және тағы басқа жағдайлар жасалды. Біз өз тарапымыздан тамақтандыру жағын бақылауға алдық. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Адамдардың сырқаттануы күнделікті тәртіппен тіркеліп жатыр", - деді Ж.Бекшин Астанада журналистерге берген сұxбатында.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, су тасқынына байланысты ауыз судың сапасын тексеру шаралары жиі өткізіледі. Әзірше, судың сапасы санитарлық талаптарға сай келеді. "Әрине, біз сумен қамту жүйесін ғана емес, кәріз жүйелерін, даладағы дәретxаналар мен құдықтарды да бақылап отырамыз. Себебі су тасқыны кезінде бәрі жердің бетіне шығуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда аудандық құрылымдар әкімдіктермен бірге дизенфекция шараларын жүргізеді", - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Еске салайық, осы күндері Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында еріген қар мен жаңбыр салдарынан көптеген үйлерді су басты. Төтенше жағдай жарияланды.

Бүгінде эвакуацияланған 200-ден астам адам үйлеріне қайта оралды. Комиссия су тасқынынан зардап шеккен тағы 89 үйді анықтады. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдардың бір бөлігі мектеп-интернат базасындағы эвакуация бекетіне орналастырылды. Оларға ыстық тамақ жеткізіліп, психологиялық көмек көрсетілуде.

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша 10 наурыздан басталған тасқын кезінде облыс бойынша 229 үйге су кірген. Оның 189-ы - Аягөз қаласында. Өскеменде - 24, Ұлан ауданында - 5, Глубокое ауданында - 8, Зайсан ауданында - 2, Күршім ауданында 1 үйге су кірген. Сондай-ақ 193 аула мен 110 саяжай нысаны да су құрсауында қалған. Қазір барлық елді мекендер судан арылған. Жаңбыр суынан жапа шеккен аудандардың қатарына Зырян, Катонқарағай, Тарбағатай, Шемонайха аудандары мен Риддер қаласы да енді.

Өңір басшысы Аягөзде баспанасы құлап қалған 8 отбасыға баспана берілетінін айтты. 

 

Фото: windsorpureandclean.com

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
Мұрағат