Денсаулық министрі коронавирус бойынша қабылданған шаралар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясы бойынша мемлекеттерді үш топқа бөліп, тиісті шаралардың қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі,

«Коронавирус жағдайы бойынша ахуал күніне бірнеше мәрте өзгеріп жатыр. Себебі Оңтүстік Кореяда таңертең 800 науқас болса, қазір мыңға жуығы тіркелген. Әрине осындай жағдайда біздің алдымызда тұрған негізгі мақсат – нақты шараларды қабылдау. Шетелден келіп жатқан барлық азаматты карантинге жатқызуға мүмкіндігіміз де, оның қажеті де жоқ. Сонымен бүкіл мемлекеттерді үш топқа бөліп, сол топтар бойынша шараларды жүргізіп жатырмыз», - деді Елжан Біртанов «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.

Министрдің айтуына қарағанда үш топтың алғашқысына коронавирус өршіген ең қауіпті елдер енгізілген. Ол елдердің ішінде Қытай, Италия, Иран, Оңтүстік Корея мен Жапония бар.

«Осы мемлекеттерден келіп жатқан азаматтарды біз толық тексеріп, қажет болса карантинге жатқызамыз. Оңтүстік Кореяда біраз азаматтарымыз жүр. Олар енді қайтуға тырысады. Жоғарыда аталған мемлекеттерде коронавирус инфекциялары тез өршіп келе жатыр. Сонымен осындай шешім қабылдаудамыз. Екінші топқа енгізілген мемлекеттерден келгендерге біздің медициналық қызметкерлер тұрып жатқан үйлеріне немесе қонақ үйлерге тексеріп отырады. Ал үшінші топқа енгізілген елдердің азаматтарын телефон арқылы бақылауда ұстаймыз», - деді ол.

Елжан Біртанов коронавирус шуы басталғалы бері 30 мыңнан астам ҚХР азаматы коронавирус инфекциясы бойынша мониторингтен өткізілгенін мәлім етті.

«Қазір 300-ге тарта азаматты телефон арқылы бақылауда ұстап отырмыз. Кейбір азаматтарды жергілікті атқарушы билікпен бірігіп, тұрып жатқан жерлерінде тексерудеміз. Жалпы азаматтардың бәрі бақылауда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар