«Денсаулық» медициналық пойызының дәрігерлері бір ай шамасында 15 мыңнан астам адамды қабылдады

None
None
АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - «Денсаулық» медициналық пойызы жолға шыққан 25 күннің ішінде 4568 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді, ал жалпы қаралған азаматтардың саны 18883-ті құрайды,

деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен.

Ағымдағы жылы шілденің 1-і мен 26-сы аралығында медициналық пойыз Қарағанды облысының 25 стансысында болды.

Шілденің 26-сынан пойыз бекітілген кестеге сәйкес Семей теміржолы бөлімшесінің аумағындағы өз жұмысына кірісті. Бұл аймақта ол 16 стансыда болады. Осыдан кейін Павлодар облысының аумағын аралап, онда да 17 стансыға аялдайды.

Пойыз дәрігерлері 5,5 мыңнан астам медициналық және зертханалық зерттеулер жүргізіп, ал хирургтар 173 кіші операция жасады. Сондай-ақ 1421 адам тіс дәрігерінің қызметіне жүгінді.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 1-інде елордадан жөнелтілген медициналық пойыз Қарағанды, Павлодар, Защита, Өскемен, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарының 57 стансысының әрқайсысына екі күннен тоқтап, Астанаға 120 күннің ішінде оралмақ. Облыстар мен ірі орталықтарда медициналық қызметкерлер ауысып отырады. Пойыз заманауи зертханалық құралдармен, зерттеу аппараттарымен жарақтандырылған. Олардың ішінде қан мен зәрді биохимиялық сараптау, рентген және флюрография, ішкі ағзаларды ультрадыбыспен зерттеу, сондай-ақ жүрек, асқазан және басқа да органдарды тексеру құралдары бар. Сондай-ақ вагондарда аппараттардың температурасын бір қалыпта ұстап тұру үшін арнайы ауа баптағыштар мен суды зарарсыздандыру құралдары орналастырылған.

Пойыз тіркемесінде барлығы 9 вагон, олардың 4-уінде - емдеу және диагностика жасалады, 2-уі - медициналық қызметкерлердің жатын орны, 1-уінде дәрі-дәрмектер сақталатын болса, қалған екеу - асхана және энергиямен дербес қамтамасыз ететін вагондар.

Соңғы жаңалықтар