Денис Теннің өліміне күдікті 10 күн бұрын Астанада ұсталған - ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергенов 11 шілде күні Астанада ұрлық үстінде ұсталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана полициясы көлік ұрысынан қала аумағынан шықпау туралы қолхат алып, босатып жіберген.

«Расында да Арман Құдайбергеновті астаналық патрульдік бекет жасағы 11 шілде күні көлік айналарын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бұл процедура бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс және бұлтартпау ретінде тіркеліп отыру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті», - деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов  Ішкі істер министрлігінде өткен арнайы брифингте.

Айта кетейік, 21 шілде күні баспасөзде Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновке қатысты атышулы мақала жарияланған еді.

Мақалада астаналық тұрғын Сапар Шәмшиев 11 шілде күні А. Құдайбергеновтың көлік айнасын ұрлау үстінде Астана полицейлеріне ұсталғанын, Алматы ауданының ішкі істер бөліміне жеткізілгенін айтқан. 

Еске салсақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Сондай-ақ,  Денис Теннің өліміне күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген.

Ал Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов ұсталды.

Соңғы жаңалықтар