Денис Теннің мемориалына краудфандингпен қанша қаржы жиналғаны белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Start-time.kz платформасында ашылған Денис Теннің мемориал инсталяциясы краудфандингіне 200 мың теңгеден астам ақша жиналған. Бұл туралы белсенді топтың жетекшісі, идея авторы Азиза Өтегенова Фейсбуктегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 миллион теңгеге жоспарланған мемориал үшін екі күннің ішінде 200 000 теңге жиналды. Дәл осы қалыптан таймасақ 100 күннің ішінде ойлаған соманы шығара аламыз. Краудфандинг уақыты 70 күннен соң аяқталады. Сондықтан белсендірек болайық. Бұл акцияға көрші Ресейден атсалысып жатқандар да бар. Қазақстандықтардың қалыс қалмауын сұраймын. Денис біздің қаһарманымыз. Оның бейнесін халық үшін, болашақ ұрпақ алдында қалдыру бізге аманат!», - делінген Азиза Өтегенованың жазбасында.

null 

Медеу мұз айдыны басшылары өз аумағында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ескерткішін қоюды құптап отыр. Алайда жобаны жүзеге асыру үшін қала әкімдігінің рұқсаты керек.

«Әлі күнге дейін әкімдікпен келісім жүріп жатыр. Қала әкімінің орынбасарының демалыстан шыққанын күтіп отырмыз. Шілденің 29-ы хабарын айтамыз», - деді Медеу мұз айдынының маркетинг директоры Әйгерім Ниязбекова.

Қайырымдылық акциясына атсалысу үшін Start-time.kz платформасына өту керек. 

Еске салсақ, Алматы тұрғыны Денис Теннің мемориал инсталяциясына қаржы жинау үшін онлайн платформасын іске қосқан еді. Идея авторы Азиза Өтегенова ҚазАқпарат тілшісіне ескерткіш жобасын айтып берген болатын.

Соңғы жаңалықтар