Денис Теннің анасы: Балам қансырап құлағанша аяғынан тік тұрған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша сот отырысы жалғасуда. Бүгін сотта спортшының анасы Оксана Тен түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

"Бірінші секундтан бастап мен мұның жай ғана автоұрлық екеніне сенген жоқпын. Оған материалдармен танысу барысында да көзім жетті. Денис сараң адам емес еді. Ол өте қолы ашық жан болған. Қымбат заттарға қарамайтын да. Мен затымды жоғалтқан кезде ол үнемі мені жұбататын. Денисті бір затқа бола төбелестіру мүмкін емес, ол үшін шегінен шыға ашуландыру керек шығар. Денис шетелде ұзақ жүрді. Қазақстанда ол сирек болатын. Спорт базаларында, жаттығуда жүретін. Оның Қазақстанда жүргенін достары, таныстары жақсы білетін", - деді Оксана Тен.

Оның айтуынша, сол күні оны "Т9 групп" ЖШС директоры А.М. ресторанға шақырған.

"Сол ресторанның директоры Х. Дениспен 1-3-сыныптарда бірге оқыған еді. Денис онымен жақсы араласпайтын. 13:45-те Х. оны түскі асқа шақырған. 13.48-де Денис оған келіседі. Ал 18 шілдеде бүгін күдікті болып отырған үшеуі Алматыда жиналады. Олар 18 шілде күні кешкі 21-де қаланың ортасынан пəтер жалдаған. Ақшалары жоқ олар қымбат ауданнан қалай пәтер жалдаған? Барлық əрекет 19-ы күні түскі екіде басталады. Түскі 14:14-те олар Наурызбай көшесімен Гогольға бұрылған.

14:18-те Денис рестораннан шықты. 14:30-да қылмыскерлер сол оқиға орнында болған.  Осы уақытқа дейін Құдайбергенов қолғабымен жүргізуші жақтың айнасын шешіп алған. Денис машинаға Құрманғазы көшесімен келе жатады. Құлағында құлаққап, музыка тыңдап бара жатады. Денис машинаға келгенде Құдайбергеновты көрген. Сол сəтте Құдайбергенов оның қолына екінші айнаны ұстатады. Қандай ұры көлік иесіне өзі ұрлаған затын ұстатушы еді? Содан соң Дениске  Құдайбергенов бірдеңе айтып, Денис ашуланып кеткен. Оған не айтқанын білмеймін. Құдайбергенов спорт алаңына қарай қаша жөнеледі. Оның артынан Қиясов жүгіреді. Денис сол жерде қансырап құлағанша аяғынан тік тұрған. Оны бір куəгер көрген. Ол бірақ төбелестен қорыққанынан машинадан шықпаған» - дейді Оксана Тен.

Оның айтуынша, автоұрылар әуел бастан айна ұрлауды мақсат тұтпаған.

"Денистің сумкасында айнадан да қымбат заттар болды. Неге оны алмаған? Олар не үшін жасады мұны? Ақша үшін екені рас. Біз тапа-тал түсте адам өлтіре салатын ел емеспіз. Күндіз пышақ ұстап, адам өлтіру бола бермейді. Мен осы нұсқаға көп адамның сенгенін қаламаймын. Денис Қазақстанын тек қана жақсы жағынан көрсеткісі келетін, елін мақтайтын, жақсы көретін, бəрін қонаққа шақыратын. Бізге келген қонақтар «Қазақстан қандай əдемі, тамақтарың қандай дəмді» деп айтып кететін. Ұсталғандарға айтарым, сіздер Қазақстан үшін үлкен қылмыс жасадыңыздар", - деді О.Тен.

Оның айтуынша,  Денистің өмірлік ұстанымдары біреуге ұнамаған немесе оның өміріндегі сəттілік біреуге кедергі болған.

Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.

Айта кетейік, кеше Денис Теннің өлімі бойынша басты сот талқылауы басталды. Іс бойынша айыпталған күдіктілер кісі өлтіргенін мойындамады. Сот отырысында полиция Арман Құдайбергеновтің неге бостандықта жүргенін түсіндірді. Сот отырысы бүгін де жалғасуда, онда марқұмның анасы Оксана Тен түсінік беруде.

Соңғы жаңалықтар