Денис Тенге орнатылатын ескерткіш жобасы қандай болмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне Алматыда қойылады деп жоспарланған ескерткіш туралы осы идея авторы Азиза Өтегенова ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Қазақстандағы Starttime.kz  краудфандинг платформасының бас директоры Азиза Өтегенованың айтуынша, жобаға ат салысуға 500 адам ниет білдіріп отыр. Жаңа инсталляцияның құны 10 млн теңгені құрауы мүмкін.

«Бұл идея хабарлағаннан кейін бірнеше сағаттан соң-ақ көп адамдардан қолдау тапты. Денистің өлімі баршамызға ортақ қаза. Оның бейнесін жоғалтпау бізге аманат. Бастапқы бағаны 10 миллион теңге деп белгіледік. Мәселен Алматыдағы Виктор Цойдың мемориалына 100 мың доллар жиналған. Мәскеулік мүсіншілермен хабарластым, олардың айтуынша,  мұндай ескерткіш жобасы шамамен 2 млн рубльге шығады екен. Осы мәліметтерге сүйене отырып бағаны бекіттік. Әрі қарай көре жатармыз »,-деді Азиза Өтегенова.

Мемориалдың бейнесі қандай болатыны әзірге белгісіз. Алайда  оның қасірет ескерткіші болмайтындығы, керісінше креативке толы мотивациялық мүсін болатыны анық.

«Бұл әдеттегідей мәрмар тастан жасалатын, гүл шоғын қойып қайғырып қайтатын мүсін емес. Жастардың мәнерлеп сырғанауға деген ықыласын оятатын, креативті инсталляция болмақ. Ол хрустальдан жасалған коньки  немесе қоладан құйылатын бейне болуы мүмкін. Бұл үшін  дизайнерлер арасында байқау ұйымдастырғалы жатырмыз. Сонда ел өзі жинап берген ақшасын өзі таңдаған жобаға жұмсайды. Халықтың дауысына саламыз»,-деді А.Өтегенова.  

Ұйымдастырушының айтуынша, қазақстандық мүсіншілер арасынан тегін көмегін ұсынғандар болған. Бірақ ол инсталляция авторын  Мәскеу шеберлерінің арасынан іздепті. 

«Мен бұл идеям үшін ешкімнің еңбегін тегін пайдаланғым келмеді. Бір адамға ғана ауырлық түсіруді қаламаймын. Халық арасында мүсін сызбасын дауысқа салып, оны Мәскеулік шеберге жасатуды жөн көрдім»,-деді идея авторы. 

Оның сөзінше  ақшаның бастапқы  бөлігі сызба шығынына кетеді.  Екінші бөлігі қажетті материалға жұмсалса, үшінші бөлігі ескерткіштің жұмысына төленеді. 

«Дизайнерлер арасынан таңдалған жұмысты авторы сыйға тартса жақсы болар еді. Ақшаның көп бөлігі қалған  жұмыстарға  артылып қалар еді. Байқауға қатысуға тек қазақстандықтарды ғана емес, сонымен қатар шет елдік өнерпаздарды шақырамыз. Сонда бұл халықаралық нысанға  айналуы мүмкін»,-деді ол.

Еске сала кетсек, алматылықтар Денис Теннің ескерткіш орнату үшін қаражат жинамақ болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар