Денис Тен өлімі: Lexus-тың ұрланған айнасы қанша тұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА Алматыдағы тілшісі қаладағы автобөлшектер дүкендеріне арнайы барып, Lexus GX460 көлігінің айнасының құнын біліп қайтты.

Дәл осы GX460 көлігінің айнасы үшін Олимпиада жүлдегері Денис Тен  қыршынынан қиылған болатын.

Ең алдымен біз «Нью Партс» автобөлшектер дүкенінің өкілдеріне хабарластық.

«Айнаның тек әйнегі 5 мың  теңгеден басталады.  Оның айнасы нөмірленбеген. Негізі ұрламау үшін арнайы лазермен гравирленеді. Сонда айнаны ешкім ұрлай алмайды. Себебі,  оны сатса ертең ұсталып қалады. Егер гравировка тұрса, онда ұрылар жоламас еді. Айнаны 10 мыңға гравирлеуге болады. Денистің көлігінің айнасы жалпы жиынтығымен  шамамен 150 мың теңге тұрады. Оны ұрылар базарларда 50 000 теңгеге сатып жібере алады», - деді автобөлшек дүкенінің өкілі Алла.

null Сондай-ақ, ҚазАқпарат тілшісі Алматыдағы автобөлшек сауда базарында болып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

 Қайғылы оқиғадан соң бұл базарда полиция қызметкерлерінің қарасы көбейген. Саудагерлер де жантүршігерлік қазаны  өзара талқылап жатыр. 

null Сатушылардың бірі бізбен әңгімесінде көлік айнасын ұрлау қылмысы 10 жылдан бері бар екенін айтты.

«Мен өзім ұрланған заттарды сатпаймын. Бірақ оны сататындар көп... Ондай адамдар келгенде бірден айтамын. Жас кезіңде тоқта, кейін өкінесің деймін», - деді сатушы Алла.

null Ал Шахмұрат есімді саудагер автобөлшек ұрлап сатудың үлкен бизнеске айналғанын атап айтты.

«Бұл жігіттер осылай оңай олжа тауып келген. Жұмысқа күндіз кіріскеніне қарағанда, олар нағыз «әккі ұры» болып отыр. Өйткені, тек мықтылар ғана күндіз бірнеше минут ішінде айнаны шешіп кете алады. Олар бір түнде 10 көліктің айнасын қолды етеді», - деді Шахмұрат.

Оның айтуынша, ұрылар бірден ұрланған дүниені тықпаламайды.

«Олардың өз каналдары бар. Тек солар арқылы клиент табады. Ұсталған ұрылар көп уақыт өтпей қайтадан «кәсібімен» айналысып жүре береді», - деді сатушы.

Ұрылар айнаны 30-40  мың теңгеге сатып жіберуі мүмкін. Ал одан әрі айна қайта жасалып, 100 мың теңгеге сатылып кетуі де ғажап емес. 

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар