Денис Тен өлімі: Арман Құдайбергенов айна ұрлауды интернеттен үйренген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша өткен сот отырысында күдіктілердің бірі Арман Құдайбергенов өзінің қылмыс әлеміне қалай түскенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушы Қуандық Досов жүргізген сұрақ-жауап барысында Арман Құдайбергеновтың 2018 жылдың мамырынан бастап көліктердің айналарын ұрлап, оны Жібек жолындағы (базар - ред.) белгісіз тұлғаға 40 мың теңге шамасында саудалайтындығы белгілі болды.

Сондай-ақ, күдікті көлік айнасын ұрлағаны үшін жәбірленушінің 400 мың теңге деп көрсеткен шығынымен келіспейтіндігін және айнаның бағасы ондай қымбат тұрмайтындығын жеткізді.

«Мен ұрлық жасағанымды мойындаймын. Маған ақша қатты қажет болды. Алматыда жүргенде ақша жинап жүрдім. Жинаған қаражатымды анама бергім келді. Астанада жүргенде ақшам да тұратын жерім де болған жоқ. Тағы қылмыс жасасам полицейлер ізіме түсетінін білдім. Сол үшін Алматыға кеттім»,- деді жәбірленуші Оксана Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміровтің сұрағына жауап берген күдікті.

Сөзінің соңында Арман Құдайбергенов көлік айнасын ұрлауды қайдан үйренгенін айтты.

«Оның бәрі интернетте тұр. Содан үйрендім», - деді сотталушы.

Бүгінгі отырыста тергеумен айналысқан Астана полиция басқармасының анықтаушысы Фариза Разбековадан сұрақ жауап алынған болатын. Полиция қызметкері қылмыскердің неге бостандыққа жіберілгенін түсіндірді.

Одан соң Оксана Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров қылмыскерге қатысты бұлтартпау шарасын қабылдауда өрескел заң бұзғаны үшін полиця қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.

Соңғы жаңалықтар