Денис Тен Қазақ спорт және туризм Академиясын үздік дипломмен тәмамдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасының қол жүлдегері Денис Тен Қазақ спорт және туризм Академиясын үздік дипломмен тәмамдады.

Ол аталған оқу орнының «Даярлау, қайта даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру» факультетінде үш жыл білім алды. Олимпиада жүлдегері бүгіннен бастап дене шынықтыру және спорт мұғалімі, мәнерлеп сырғанаудан тренер атанды. Дипломды оқу орнының ректоры Қайрат Закариянов тапсырды. «Біз үнемі оқу үстіндеміз. Адамдарға қоршаған ортасы әсер етеді. Достар да, медаль да алдамшы. Белгілі бір уақыт кесімінде қалып қояды. Өмірлік серігіміз болатын тек білім ғана. Мен сіздерге тек алға жылжып, дамуды тілеймін. Осы оқу орны әлі талай жүйріктерді шығарады деп ойлаймын», - деді ол. Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегері Спорт және туризм Академиясының магистратурасында екі жыл оқуын жалғастыратынын айтты. Қазақпарат тілшісіне берген сұхбатында ол ұстаздық етуге дайын екендігін айтты. «Мен бұрыннан ұстаз болуды армандайтынмын. Мен үшін өз білгенімді, оқығанымды өзгеге жеткізу үлкен мәртебе. Ал жақында Қазақ-Британ университетіне түскенім рас. Онда мен ақпараттық жүйелер туралы білім алып шығамын. Менің өзге де салаларды бағындырғым келеді. Шетелдік оқу орындарынан шақыртулар болды. Бірақ, мен өзімнің өмірімді тек Қазақстанмен байланыстырамын. Барған жерімде елімді лайықты көрсету үшін маған міндетті түрде білім қажет. Мен қалайша өз елімнің маманы болмай тұрып, шетелде өнер көрсетемін?», - деді ол. Айта кетерлігі, Қазақ Спорт Академиясының докторантурасында Олимпиадалық ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин блім алуда. Ал «Даярлау, қайта даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру» факультетін әр жылдары қазақ спортының майталмандары Ольга Шишигина, Бақыт Сәрсекбаев, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибраимов, Әсет Мәмбетов тәмамдап шыққан.

Соңғы жаңалықтар