Денис екеуміз «S.О.S» әнімен бірге өнер көрсетуді армандаған едік - Димаш Құдайберген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесу барысында Димаш Құдайберген Астанада Денис Теннің көрмесін ұйымдастырған жандарға алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денис Тен - қазақтың ешқашан сөнбейтін жарық жұлдызы. Түнделетіп Қазақстанға келіп, Денис Теннің көрмесін өткізіп жатқан жандарға алғысымды білдірейін деп, көрмеге бардым. Ешкім жоқ кезде өзіммен өзім көрмеде өткен-кеткенді еске алдым. Денисті мақтаудың өзі артық. Сіздер оны керемет спортшы, дарын иесі ретінде білесіздер, ал мен оны дос тұттым. Біз етене араласып, соңғы жылдары жақын дос болдық. Денистің кішіпейілдігі ұнайды маған. Өте қарапайым еді. Жалпы, биік белестерді бағындырған адамдар тәкаппарлық танытып, пендешілікке бой алдырады ғой. Денистің бойынан ондайды ешқашан көрмедім», - деді Димаш Құдайберген.

Әнші Дениспен бірге жүрген кезде достар арасында «Олимпиада чемпионы бізбен бірге қарапайым жерде тамақ іше ме?» деп әзілдейтінін еске алды.

«Кейде түнде далаға шығып, ең арзан бір жерге бара салатынбыз. Оның әрбір айтқан сөзі, жасаған еңбегі қазақтың, елінің мәртебесі үшін еді. Өйткені, өздеріңіз ойлап қарасаңыздар, ол қазақтың тарихында болмаған жетістіктерге жетті. Ел атынан осындай азаматтар бар екенін дәлелдеу үшін, мәнерлеп сырғанаудан қазақтар да әлем чемпионы атана алатынын дәлелдеу үшін шетелде білім алды. Алдағы уақытта кейін Қазақстанда осы жүйені қолға алып, шәкірт тәрбиелесем деп армандады. Менің келесі концертімде екеуміз Бейжіңде немесе басқа елде үлкен стадионда концерт беріп, «S.О.S» әнімен тандемде шығамыз деп армағандаған болатынбыз. Енді Лондонда ол әнді мен өзім ғана орындаймын», - деді Димаш Құдайберген.

Еске сала кетсек, 10 қарашада Астанадағы «MEGA Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «D10 WORLD» көрмесі ашылған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар