Денесінің 50 пайызы күйген балаға Астанада ота жасалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Денесінің 50 пайызын күйік шалған балаға Астанада күрделі ота жасалатын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев айтты.

Кеше мамандар Талғар аудандық ауруханасында консилиум құрған болатын.

«Баланың денесінің 50 пайызын күйік шалған. Ондай пациенттерді Астанаға жібереміз. Келісім жұмыстары жүргізілді. Баланы астаналық хирургтер күтіп отыр. Ота портал арқылы жасалады», - деді Қалиев.

Оның айтуынша, баланы емдеуге шетелдік мамандардың көмегі қажет емес. Ондай күрделі оталарды отандық хирургтер де жасай алады.

Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Операция Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында жасалмақ.

Қазір 7 жастағы бала Алматы облысы Талғар ауданының орталық ауруханасында жатыр. 2015 жылы үйде пеш жарылып, баланың кеуде тұсын, бет-аузын күйік шалған.

Еске салайық, қоғам қайраткері Аружан Саин әлеуметтік желіде денесін күйік шалған, өздігінен аузын жаба алмайтын бала туралы жазба қалдырған болатын.

Бұдан кейін Алматы облысының әкімдігі баланың жағдайын өз бақылауына алды . Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, әзірге қызметтік тексеру басталған жоқ. Біреуді жазалау туралы мәселе қозғауға әлі ерте.

Баланың анасы ішкілікке салынып кеткен. Қазір билік өкілдері оны мәжбүрлеп емдеуге жатқызған. 

Соңғы жаңалықтар