Денесін 94 пайыз күйік шалған Әселім Нығметова: қолұшын созғандардың бәріне алғыс айтамын

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Денесін 94 пайыз күйік шалып, Самарада емделген Әселім Нығметова қазір Оралда, отбасымен бірге. Әселіммен ҚазАқпарат тілшісі тілдескен еді.

Бұл оқиға өткен жылдың 18 қараша күні Зачаган кентіндегі тұрғын үйде болған еді. Газ жарылысынан 37 жасар Әселімнің денесін түгелге жуық күйік шалған-ды.

-Алты ай уақыт бойы Самара қаласындағы Н.Пирогов атындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың №11 күйік жарақаты бөлімшесінде емделдім, - деді Әселім. Алла деп айтайын, отбасыма оралып, үй іші тіршілігіне араласып жатырмын.

Самарадағы аталған медициналық мекемеде емдеу деңгейі өте жоғары. Әсіресе, бөлімше меңгерушісі, профессор Константин Александрович Филимоновтың біліктілігін атап айтар едім. Әріптестері арасында беделді, ізденімпаз жан екен. Кабинетінде тұрған марапаттардан-ақ оның қандай маман екендігін аңғаруға болады. Германияда, Қытайда болып, біліктілігін жетілдірген.

Оралда, облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқанымда, туыстарым мені құтқарудың барлық жолын қарастырып, осы профессорды алдыртқан екен. Соның алдында менің денемді 80-85 пайыз күйік шалған деген екен. Ол кісі қарап, «Денесін 94 пайыз күйік шалған, тірі қалуына тек 5 пайыз мүмкіндік бар» деген. Оралдық дәрігерлер де жансақтау шараларын дұрыс жасап, соның нәтижесінде бөтекем аман қалды.

-Әселім, өзің қай кезден бастап ес жинадың?

-Маған барлығы он бес шақты ота жасалды. Басымнан алты рет тері алып, жамады. Профессор дәрігерім мені алғаш рет қытайлық әдіспен емдедім деді. Таңертеңнен түнгі сағат 3-ке дейін системада жаттым. Неше түрлі дәрінің әсерінен шығар, бастапқыда бір ай бойы ұйықтай беріппін. Оянғанымда, кім екенімді біле алмадым. Тек күйеуім қасымда отырғаннан кейін ғана есіме түсірдім. Екі ай бойы тамағымда ИВЛ деген тыныс алу аппараты тұрғандықтан, сөйлей алмадым. Ол аппаратты қаңтардың 14-і күні ғана алды. Оған дейін күйеуім Русланмен ұялы телефондағы әріптерді көрсету арқылы тілдестім.

-Әселім, сол кезде бүкіл Орал жұртшылығы сенің тілеуіңді тіледі. Қайның Ерлан Нығметов арқылы біз де хабарласып тұрдық. Емделуге шамамен 5 млн теңгедей қаражат керек дегеннен кейін өзіңнің әріптестерің - мұғалімдер қауымы, басқа да халық қолұшын созды. Ол жөнінде не айтар едің?

-Менің тағдырыма алаңдаған және жомарт адамдардың бәріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Өзім 17 жыл бойы ұстаздық етіп келемін, бастауыш сынып мұғалімімін. Әуелі Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжді, содан кейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірдім.  2012 жылдан бері Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы №30 мектепте еңбек етіп келемін. Қос ұлымыз Аңсар мен Алмас осында оқиды. Біреуі жетінші, екіншісі 3-сыныпқа көшті.

Қиын кезде маған көмектесіп, қаржы жинауды ұйымдастырған Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Меңешқызы Төремұратоваға, балаларыма, отбасыма көмектескен №30 мектеп директоры Райгүл Тасболатқызы Иманғалиеваға, барша әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ тума-туыс, дос-жаран, көршілерді қоспағанда, «Оралавтотранс» ЖШС жүргізушілерін, балаларым жаттығып жүрген киокушинкай-кан каратэ мектебін, «Конденат», «Жайықмұнай», «Желаев нан зауыты» компанияларын, Зачаган әкімдігі мен Новенький ауылын айта кеткім келеді. Тіпті Астанадан танымайтын адам 1 млн теңге аударған. Міне, халықтың осындай тілеуі мен көмегі шығар, менің аман қалғаным. Сол үшін бәріне ризамын.

-Әсерлі әңгімең үшін рахмет, ал енді сүйікті мамандығыңа түбі оралатын шығарсың?

-Иә, әрине. Қазір І топ мүгедектігін берді. Зачаган кентіндегі №6 емханада емімді жалғастырып жүрмін. Тәуір болғаннан кейін 1-2 жылда мұғалімдік жұмысқа ораламын деп ойлаймын. Жолдасым Руслан Нығметов №12 бағытта автобус айдайды. Үйімізді жөндеп алдық. Ұлдарым, туыстарым қасымда, бұдан артық қандай бақыт керек!

Еске сала кетейік, Әселім Нығметованың Самарада емделіп жатқанын кезінде жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар