Дене шынықтыру сабағын шағын топтарға бөлмеу себебі қандай
2022 жылғы 17 тамыз 18:01

Дене шынықтыру сабағын шағын топтарға бөлмеу себебі қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылынан бастап мектептерде дене шынықтыру сабағын шағын топтарға бөлмеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа оқу жылында 1-11 сынып аралығындағы балалар аптасына 3 сағат дене шынықтыру сабағын өтеді. Өткен жылдары да осылай болған. Мұнда ешқандай өзгеріс жоқ. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес дене шынықтыру сабағында сынып шағын топтарға бөлінбейді. Бұл ретте мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуы тиіс. 2021 жылдан бастап үйірмелер мен спорт секцияларына мемлекеттік тапсырысты орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айта кеткен жөн. Тиісті министрлік желісі арқылы спорттық тапсырыс орналастырылады. Мұның барлығы спортпен шұғылдануға жағдай жасап отыр», - деп атап өтті министрліктен ҚазАқпарат сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, халықаралық тәжірибеде де (Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Финляндия және т.б.) дене шынықтыру сабағында қыздар мен ұлдар бөлек оқытылмайды. Көптеген шет елде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағаттар бастауыш мектепте.

Сонымен сыныпты топтарға бөлу мынадай себептерге байланысты тоқтатылды:

- мектептердің көпшілігінде бір спорт залы бар. Онда бір сабақта 2-3 сынып, яғни 4-6 шағын топқа дейін болады. Оларға бір уақытта 6 мұғалімге дейін сабақ береді. Яғни мұндай сабақтарда ешқандай сапа жоқ. Пән көбінесе сабақ кестесіне сәйкес келмейді;

- спорт алаңдарының көпшілігі жабдықталуы мен қауіпсіздігі жағынан заманауи талаптарға сай емес (үйде жасалған спорт құрал-жабдығы пайдаланылады, қоршаусыз болады);

- республикада спорт залдары жоқ немесе стандартқа сай емес ғимараттарда орналасқан мектептер бар, нәтижесінде санитарлық нормалар мен талаптар бұзылады. Бұл оқушылардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.

«Еліміздің мектептерінде 30 мыңнан астам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар. Олар 175 мыңнан астам сынып жинағында жұмыс істейді. Бұл аптасына шамамен 528 мың сағат, яғни әр мұғалім бір ставкадан артық жұмыс істей алады», - деді ведомстводан.

Бұған дейін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы дене шынықтыру пәнін оқытуда сыныпты топтарға бөлмеу жұмыс істейтін педагогтар санының қысқаруына әкелетіндігін айтып, дабыл көтерген болатын. Осы жайтқан орай ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT