Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн - дәрігер кеңесі

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында №16 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімінің меңгерушісі Баян Тәкібаева адамның дене қызуы көтерілгенде не істеу керегін және вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті қандай жағдайда қолдану қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәргердің сөзінше, дене қызуы 38 градустан жоғары болмаса, дәрі ішу қажет емес.

«Дене температурасын 38 C дейін көтерілген жағдайда түсіру ұсынылмайды, себебі бұл организмнің инфекциялық агрессорға қорғаныс реакциясы. Дене температурасының жоғарылауынан патогендік бактериялар мен вирустар өледі, бірақ әрбір организм жеке. Біреу аяқта жүріп, 37-38 градус температураға шыдай алады және дене қызуын тіпті байқамайды да оны түсіруге асықпайды, бұл ағзаның күресуіне мүмкіндік береді, ал енді біреу қызу түсіретін дәрісіз жүре алмайды. Жоғары температураны өз бетінше түсіруге болады - мұны істеу үшін маңдайға салқын компресс жасап, оны шамамен 30 минут ұстап, қызуды басатын дәріні қабылдау керек. Ең сенімді дәрілердің бірі – парацетамол, ибупрофен», – дейді Баян Тәкібаева.

Айтуынша, егер дене температурасы 38,5 градустан жоғары болса, онда оны міндетті түрде қызуды түсіретін препараттармен түсіру керек, өйткені ол тырыспа, жүрекке күш түсу және қан айналымы жеткіліксіздігі, естен тану, мидың ісінуі сынды асқынуларды тудыруы мүмкін.

Алматылық дәрігер жіті респираторлық вирустық инфекциядан қалай қорғану керектігін де айтты.

«Қолды жиі жуу, респираторлық гигиена – бұл жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен жабу, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу ЖРВИ және тұмау жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі»,- деді №16 қалалық емханасының жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімінің меңгерушісі Баян Тәкібаева.


Соңғы жаңалықтар