Демография-Демократия: Енді көшті қолдасақ қана ұтамыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаратылыстан басталған қазақтардың өмір-көші бүгінге дейін тоқтамай келеді. Табиғатынан тынымсыздықты сүйетін халқымыздың бұл бір тұсынан мінезі іспеттес, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.

Көш-қозғалыс, тоқтап қалмау, жақсы тіршілік үшін жанталас. Демек, жайлы мекен, жақсы тұрмыс іздеп сабылысқа түскен ұлтымыздың ұлы көшін ғаламда отырықшылдық орнығып, енді «қозғалмаушылық» қалыптасқан жаңа ғасырда қайта үдете түсу керек болды. Бұған не себеп?

Егемен ел атанған ширек ғасырда да ішкі көші-қон бір сәтке де тыным таппай келеді. Тіптен соңғы жылдары тек ғана сыртқы көші-қонға ғана назар аударып, ел ішіндегі дәл осы мәселені ұмыт қалдырдық. Нәтижесінде бағыттаусыз қалғандықтан әркім тіршіліктің қамымен «басы ауған» жаққа қарай бас сауғалап кетті. Ресми статистикаға қарағанда жылына 500 мыңға жуық қазақстандық тыным таппай көшіп жүр. Жақсы, кім қайда барса да өзі біледі дерсіз. Алайда, бір орында байыз таппай қоныс аударушылардың басым бөлігі жұмыссыздықтан қиналған соң ірі-ірі қалаларға араша үймелегенін қайда қоямыз? Соның салдарынан Алматы, Астана, Шымкент секілді шаһарлардағы тұрғындардың саны қалыпты өсімнен де артық еселеніп, түрлі мәселелерді көлденең тартты. Қордаланған түйінге кеш болса да көңіл бөлген Үкімет биыл жаңа қадамдарға барды.
Атап айтқанда, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң бекітіліп, мұнда тұңғыш рет ішкі қоныс аударушыларды Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастыру үшін 463 отбасыға квота бөлінді. Бұдан бөлек шетелденден келетін оралман қандастар үшін де осы аймақтарға арналып 1259 квота және қосылды. Негізінен халықты жұмыспен қамту мақсатын көздейтін ішкі көші-қонға басымдық беретін бағдарламаға аталған төрт облыстың таңдалынып алуы да бекер емес. 

НЕГЕ ТӨРТ ОБЛЫС ТАҢДАЛЫП ОТЫР?

Дәл қазір Үкіметтің жаңа бағдар­ламасына сәйкес ішкі көші-қонды жүйелеп, жұмыс күші азайып бара жатқан өңірлерге бұру ісі жүріп жатыр. Пилоттық жобаға сәйкес бөлінген 463 квотаның 22-і Қостанай облысына, 40-ы Шығыс Қазақстанға, 101-і Солтүстік Қазақстанға, 300-і Павлодар облысына тиесілі. Таңдаудың төрт облысқа түсуінің басты себебі, соңғы жылдардағы статистикалық мәлімет көрсеткендей, аталған аймақтарда халық саны азайып барады. Әсіресе, осы өңірлерден көшіп кетушілердің қатары қалың. Нақты деректермен айтайық.
Шығыс Қазақстан облысындағы, тұрғындардың қатары 2011 жылы - 9292 адамға, 2012 жылы - 8130 адамға, 2013 жылы - 7211 адамға, 2014 жылы 8068 адамға кеміген. Орташа есеппен жылына ШҚО-дан 35 мыңнан астам адам көшіп кетіп жатыр. Алайда, көшіп келушілердің саны олардың орнын толтыра алмауда. Сонда соңғы бес жылда облыс халқы көші-қонның есебінен 40 мың тұрғынға кеміген. Дәл қазіргі кезде мұнда 1 млн 390 мыңнан астам адам тұрады.     

Осындай қауіп, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында тіптен жоғары. Мұнда кейінгі бес жылда халық саны көші-қонның есебінен 25 мың адамға кеміп кеткен. 2014 жылдың өзінде 10 мың адам аймақты тастап, қоныс аударған. Сол сияқты өңірдегі туу көрсеткіші де төмендеп барады. Жалпы, барлығын қоса  есептегенде облыста 2010 жылы 591 мың адам тіркелсе, төрт жылдан кейін 573 мың адамға дейін азайыпты. Егер халық саны дәл осылай төмендей берсе Статистика комитетінің 2030 жылға жасаған болжамы бойынша Солтүстік Қазақстанда небәрі 300 мың тұрғын қалады екен. 

Қостанай облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Өңірден 2010-2014 жылдар аралығында 118 904 адам қоныс аударыпты. Ал, есесіне көшіп келушілер 102 мың 910 адамды құрап отыр. Айырмашылық 15 994. Есесіне демографиялық өсім де көңіл көншітетіндей емес. Егер кері кетушілікті тоқтатпаса, небәрі 880 мың адам тұратын өлкенің мыңдаған гектар егістік алқабы игерілмей бос қалуы мүмкін. 
Павлодар облысында да бертінге дейін осындай жағдай қалыптасқан еді. Алайда, кейінгі бес жылдықта Керекуге қоныс аударушылардың артуының есебінен ептеп өсім байқалып, халқының саны 750 мыңнан асты. Дегенмен, көшіп келушілер мен кетушілердің арасындағы жылдық айырмашылық екі мыңның үстінде тұр. Өйткені, соңғы кездері Павлодардан кетушілердің қатары артқан. Мәселен, 2010 жылы 15 763 адам жайлы мекенді басқа өңірден іздеуге аттаныпты. Олардың артынан 2011 жылы - 16 777, 2012 жылы - 16059, 2013 жылы - 18 114, 2014 жылы 19 360 тұрғын қоныс аударған. Ресми статистикаға қарағанда мұнда жыл сайын көшіп келетіндердің қатары көбейіп барады. Сондықтан да биылғы квотаның басым бөлігі, яғни 300 орын осы Керекуге бөлінді. 

Аталған 4 облыс та Қазақстанның өндірісті, шаруашылықты, шекаралы аймағы болып саналатындығы белгілі. Демек, тұрғындардың жаппай көшуі мен демографиялық өсімнің төмендеуі бұл аймақтарда еңбек күші тапшылығы туғызып, болашағы жоқ ауылдардың санын көбейтетіндігі анық. Шаруашылығы да тұралап, игерусіз жерлердің артуына соқтыруы әбден мүмкін. Соның салдарынан әрбір жаз сайын оншақты ауыл қаңырап, босап қалып, жергілікті билік көште қалған бірлі-жарым отбасыларды орталыққа көшіріп әуреге түсіп жатыр. Егер дәл осы жағымсыз үрдіс жалғаса берсе мұндағы сулы да, нулы алқабымыз «аңырап» қалатын түрі бар. Ал, «бос жатқан жердің жау шақыратындығы» бесенеден белгілі тәмсіл. 

Есесіне халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірлерде бас артық жұмыс күші де, көшуге ерікті жандар да жетерлік. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысынан 2013 жылы өзге өңірлерге 41 мың адам қоныс аударса, 2014 жылы олардың саны 55 122 адамға дейін өсіп кеткен. Алматы облысында да жылына 40 мыңнан астам адам жайлы тұрмыс іздеп жан-жаққа кетіп жатыр. Жамбыл облысының өзінде жыл сайын 15 мың адам басқа аймақтарға сабылуда. Мұның басым көпшілігі әрине, тұрақты кәсіп көзін іздеп, жолға шығары анық.

ҮЙІҢІЗ ДЕ, КҮЙІҢІЗ ДЕ ЖАЙЛЫ
Ендігі үміт солтүстікке бағытталатын ұлы көшке артылып отыр. Қызығатын да, ойланатын да тұсы - жобаға сәйкес ол жаққа қоныс аударушыларға үй мен жерден бөлек, жылыжай және бау-бақшалық шаруашылықты дамыту үшін микрокредиттер беру мүмкіндігі де қарастырылуда. Түсінікті болу үшін рет-ретімен айтайық. Солтүстіктегі 4 облысқа көшуді қалаған шаңырақтың иесіне бір рет 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл 106 050 теңге деген сөз. Ал, қалған отбасының әрбір мүшесі 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржыны яғни, 74 235 теңгені иеленеді. Мысалға, отбасында 6 жан болса 477 мың теңге көлемінде бір реттік көмек алады. Бұдан бөлек көшіп келуіне кеткен шығынды да арнайы субсидия арқылы мемлекет өтейді. Ең бастысы жергілікті билік қоныс аударушыларды тегін баспанамен қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен бірге отбасындағы бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып, бес жылға дейінгі мерзіммен 5 млн теңге шағын несие де ұсынады. Алайда, көшіп барушы бес жыл ішінде кері қайтқан жағдайда осы шығынның барлығын қайтаруы керек. 
Қоныс жаңартушыларға және бір мүмкіндік бар. Егер олар қалаған жағдайда шаруашылықпен айналысатын болса жер телімі де тегін беріледі. Әсіресе, бұл қадам диқаншылыққа төселген Оңтүстіктен баратындар үшін тиімді. Өйткені, үйренген кәсібімен айналысуына жол ашылады. Өндірген өнімін аймақтағы қалалар мен тіптен Астанаға дейін сатып, табыс тауып, тіршілігін жақсартуына ыңғайлы жағдай туады. Әрі мемлекеттің арзандатылған азық-түлік дайындау бағдарламасына да тікелей үлесін қосатындығы сөзсіз. Салыстырып көріңіз, елорданың базарларындағы көкөніс пен жеміс-жидегіңіз түгелдей дерлік Өзбекстан, Қытай, Пәкістаннан жеткізілген өнімдер. Арасында Оңтүстік Қазақстанның аздаған ғана бақшалықтары бар. Ал, мұның барлығын Қостанай мен Петропавлда өсіре алса - баға да тым аспандамас еді, әрі халықтың ақшасы өзгенің емес, өзіміздің ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалатындығы анық. 

КӨШКЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУ КЕРЕК
Ішкі көші-қонды жүйелейтін жаңа бағдарлама биыл бірінші рет басталса да қызығушылық танытқандардың қарасы тіптен көп. Қазірдің өзінде бірқатар аймақтардан топтасып квота бөлінген өңірлерге көшіп жатыр. Алайда, аталған бағдарламалардың ел ішінде насихатталуы, түсіндірілуі төмен күйде қалып отырған секілді. Көшуге қызығушылығы туған азаматтарға қоныстанатын аймақтардағы ахуал - табиғаты, жер құнары, халық құрамы, шаруашылық жағдайы түгел түсіндіріле бермейтін тәрізді. Тіптен, Жезқазған қаласынан хабарласқан Жанна Бердібаева есімді тұрғын жергілікті тиісті мекеменің осындай бағдарламаның барынан мүлде хабарсыз екендігін айтады. Егер бағдарламаға жауапты мемлекеттік мекемелердегі бюрократизм мен немқұрайдылықтан арылмаса көшуге қызығушылық танытқан азаматтардың меселін қайтарары анық. Мұның салдары ел Тәуелсіздігі үшін өте маңызды бағдарламаның нәтижесіз аяқталуына соқтыруы мүмкін. Қайта Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүргізетін бағдарламаға жергілікті әкімдіктер жан-жақты қолдау білдіріп, ынта-ықыласпен жүзеге асыруға тиіс. Тіптен мұның ауқымын жаңа деңгейге дейін көтерген жөн. Керек десеңіз, оңтүстік өңірлердің журналистері мен депутаттарынан және ерікті белсенділерінен арнайы топ ұйымдастырып, алда көшетін аймақтарды арнайы аралап шығуды да ойластырса игі. Сонда ғана сенімділік тереңдей түсері анық.
Бүгінгідей алмағайып уақытта ұлттың келешегін көздейтін мұндай жобаны анық та, қанық қадаммен жүзеге асыруымыз қажет болып тұр. Өйткені, шаңырақтың иесі өзіміз саналғанымен «өз үйім демегін, үй сыртында кісі бар» деген қазекеңнің астарлы мақалын ешуақытта естен шығармайық. Әсіресе, әлемнің әр түкпірінде дау мен дамай нақ осы жердің айналасында өрши түскендіктен, шекарасы әрең шегенделген елге тыныштық пен тұрақтылықтан артық ештеңе жоқ. 
Барлық мемлекеттер даму бағыты ретінде белгілеген демократия дейтін деңгейіңіздің басты шарты - азшылық көпшілікке бағыну керек. Ал, осы сауал дәл бүгін бізге қабырғасынан қойылса қалай болар?! Сан көбейгенімен, сапа қандай? Қандастарымыз шоқ-шоқ күйінде әлдебір тұстан селдіреп ғана көрінетін тұсымызды ойласақ, арқадан құмырысқа жүріп өткендей құрыса қаламыз. Өйтпегенде ше! Тәуелсіз елдің төрт құбыласының мызғымастай беріктігіне кепілдік бере аласыз ба? Иә, сіз ойлағандай базбір жылдары бірқатар елдердің де тұтастығына алпауыт державалар кепілдік берген еді. Жеме-жемге келгенде әр ел өз сорымен өздері қалды... 
Демек, жолайырықтағы жұрт үшін ең әуелі демографиялық дүмпу керек. Бір қуа­ныштысы, дәл бүгінгі сәтте дүмпу кемерінен асып, жан-жаққа жайылып жатыр. Енді ғасырларға созылған Ұлы көш батыс пенен шығысқа, орталық пен солтүстікке сынадай қағылып, самырсындай тамыры жайылып, еңсесі тіктелгенде ғана қазақы демократияның дәурені туатындығына сене беріңіз.

 

Соңғы жаңалықтар