Демалыс күндері елордада қандай шаралар өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада алдағы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, осы аптадағы демалыс әсіресе, хоккей жанкүйерлері үшін қызықты болмақ. Себебі шайбалы хоккейден бірден үш матч өтеді. Атап айтқанда, 15 қараша күні сағат 19:00-де шайбалы хоккейден «Снежные барсы» – «Реактор» командалары 2019-2020 ЖХЛ чемпионаты аясында кездеседі. Матч «Барыс Аренада» өтеді. 16 қараша күні «Қазақстан» спорт сарайында «Номад» командасы ЖХЛ чемпионаты аясында «Зауралье» ұжымымен сынға түседі. 17-18 қарашада «Снежные барсы» клубы «Спутник» командасымен ойнайды. Матч сағат 17:00-де, «Барыс Арена» мұз айдынында өтеді. Билет бағасы 500-4500 теңге аралығында.

Бұдан бөлек, 15 қараша күні «Бейбітшілік және келісім сарайында» «World Skills 2019» республикалық чемпионатының жабылу салтанаты өтеді. Кеш сағат 18:00 басталады. Республикалық V кәсіби шеберлік чемпионаты – «WorldSkills Kazakhstan 2019» жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартуға және техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал етпек.

Жастар арасындағы тағы бір спорт шарасы 16 және 17 қарашада өтеді. «Астана Арена» стадионында және «Алау» мұз сарайында Халықаралық жастар күніне арналған жоғары оқу орындары мен орта оқу орны студенттері арасында Универсиада өтеді. Студенттер спорттың алты түрінен сайысқа түседі: волейбол, армрестлинг, үстел теннисі, гір спорты, шахмат және асық ойыны.

16-17 қараша күндері «Қуыршақ» театрында М. Арғымбаевтың «Сиқырлы орман тұрғындары» атты ертегісі қойылады. Билет құны – 1000 теңге.

16 қараша күні сағат 17:00-де «Астана Балет» театрында «Beautiful Korea. Dynamic Busan» атты корей дәстүрлі өнер концерті өтеді.

Сондай-ақ, елорда тұрғындары 17 қарашаға дейін жалғасатын «Жастар» сарайында ара балының және үнді тауарларының көрмесін тамашалай алады. Көрменің жұмыс уақыты таңғы сағат 10-нан кешкі 8-ге дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар