«Delta Bank» салымшыларына агент банк арқылы төлем жасау мерзімі ұзартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) «Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту туралы «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрсетілген мерзім ішінде «Delta Bank» АҚ салымшылары агент банктің жергілікті бөлімшелеріне жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы бере алады. Жеке өзі келген жағдайда салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті, ал егер сенім артылған тұлға келетін болса, салымшының атынан өтем алу құқығын растайтын құқық белгілеуші құжаттарды ұсынады (мысалы, нотариус куәландырған сенімхат).

«Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем агент банк арқылы 2018 жылдың 17 мамырынан бері төленіп келеді. Үш жыл ішінде жалпы сомасы 107,3 млн теңгеге өтем төленді. Бұл қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 53 пайызын құрайды.

«2021 жылдың 1 мамырына қарай кепілдік берілген өтемді алу үшін 328 салымшы ғана өтініш берген. Бұл олардың жалпы санының 12 пайызын құрайды. Агент банкке келушілер санының аз болуы «Delta Bank» АҚ-та ашылған шоттар мен депозиттердегі қалдық ақшалардың аздығына байланысты болып отыр. Нақты айтар болсақ, 963 салымшының әрбірінің шотындағы қалдық ақша 1000 теңгеден төмен, сондай-ақ 412 салымшының шоттарында – 1 000 теңгеден 5 000 теңгеге дейін болса, 158 салымшыда - 5 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін бар»,-делінген хабарламада.

Дегенмен «Delta Bank» АҚ-тағы шоттарында 100 000 және 1 000 000 теңгеден астам қаражат жинаған салымшылардың да бар екенін айта кеткен жөн. Сондықтан Қор осы және кепілдік берілген өтемді алуға құқығы бар басқа да салымшылар үшін агент банк арқылы төлем алу мерзімін соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзартты.

2022 жылдың 1 мамырынан кейін «Delta Bank» АҚ салымшылары бұрынғыдай Қорға өтем алуға тікелей өтініш бере алмайды. Қор талап етілмеген кепілдік берілген өтемді Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына сәйкес депозитордың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.

Еске салсақ, Delta Bank-тің бұрынғы топ-менеджері ұсталды.



Соңғы жаңалықтар