«Delta Bank» қызметін тоқтату туралы сот шешімі күшіне енді

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - «Delta Bank» АҚ қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, аталмыш банктің салымшыларына ақшаларын «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) қайтаратын болады.

Қордың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, төлемдер 2018 жылдың 17 мамырынан беріле бастайды. Оны «ҚДКБҚ» АҚ қаражатынан «Банк ЦентрКредит» АҚ жүзеге асыратын болады. «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен 2018 жылы 3 мамырда тиісті келісім жасалды. Агент банк «Delta Bank» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдап және өңдеп, кепілдік берілген өтемді алты ай ішінде барлық филиалдар желісінде төлейді.

Төлем сомасы шамамен 141 миллион теңгені құрайды. Өтемді алуға құқығы бар жеке тұлғалардың саны - 2 244 адам, оның ішінде кепілдік берілген өтем мөлшерінің шегінде - 2 242 адам. Осыған байланысты, кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған ҚДКБҚ қаражатының жалпы сомасы 580,4 миллиард теңгені құрайды.

Банктің салымшылары мен клиенттері ҚДКБҚ қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемді алуға жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа (ферма) қожалықтарының субъектілері, жекеменшік нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар құқылы.

ҚДКБҚ жеке тұлғалардың шоттарының барлық түрлерін, соның ішінде салымдарға (есептелген сыйақыларды қоспағанда), ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақшаға кепілдік береді. Кепілдік берілген өтем тек ұлттық валютада төленеді. Шетел валютасындағы депозиттерді өтеу банктің мәжбүрлеп таратылуы туралы сот шешімі күшіне енген күні - 2018 жылдың 25 сәуірдегі баламамен есептеледі. Өтемнің ең жоғары шегі Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру заңнамасымен анықталған: ұлттық валютадағы депозиттер бойынша - 10 миллион теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеге дейін.

Салымшылар алты ай ішінде агент банкке жүгінуге құқылы. Алты ай өткеннен кейін кепілдік берілген өтемді алу үшін салымшылар тікелей ҚДКБҚ-на өтініш бере алады.

Салымшылар өтемді алу үшін келесі тәсілдердің бірін таңдауға құқылы: «Банк ЦентрКредит» АҚ қассасынан қолма-қол ақшамен; жеке тұлғаның «Банк ЦентрКредит» АҚ қолданыстағы банктік шотына немесе депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы басқа банкке аудару (агент банктің тарифтеріне сәйкес).

 

Соңғы жаңалықтар