Декларация тапсырудан бас тартқандарға қандай шара қолданылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі жалпыға бірдей декларациялау процедурасына сәйкес, декларация тапсырудан бас тартқандарға қандай шара қолданылады? Бұл сұраққа ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Талғат Мамаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Декларацияны уақтылы бермеген немесе жалған мәлімет берілген жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Егер декларацияны тапсыру бойынша заңбұзушылық бірінші рет анықталса, ескерту беріледі. Ал егер бұл жағдай қайталанса, қазіргі заң бойынша айыпкерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Талғат Мамаев.

Ал ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау процедурасының өз қиындықтары бар.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау негізінде салық шегерімдерін қолдану тетіктері жетілдірілді. Сонымен қатар, проблемалық мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, ауылды жерлерде халықтың қаржылық сауаты төмен екені байқалады. Респонденттердің 80 пайызы декларацияны өздері толтыра алмады. Шалғайдағы елдімекендерде интернеттің болмауы, уәкілетті органдардың деректер базасының жаңартылмауы кездеседі. Сол себепті, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерін пайдаланушылар санының едәуір ұлғаюын ескере отырып, ол жүйелердің жұмыс аясын кеңейту керек», - дейді Руслан Еңсебаев.

Еске сала кетсек, мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Талғат Мамаев 2020 жылдан бастап мемқызметшілер қандай дүние-мүлкі бар екенін жариялап отыруға міндеттелетінін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар