Дегенде атым Майра...

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - Әсем әнді жанына серік етіп, өмірінің мәніне айналдырған Керекулік әнші-композиторымыз Майра Уәлиқызы жайлы айтылар ой мен шертілер сыр аз емес.

Қазақ даласын әнге бөлеп, өз заманының сандуғашы атанған тума дарын, қайталанбас тұлға артына өшпес мұра қалдырған аяулы жан.

«Дегенде атым Майра, атым Майра,

Отыз тіс көмекеймен тілім сайра,

Қолға алып домбырамды шырқағанда,

Ілесер сонда маған жігіт қайда?- деп өзінің асқақ әнші екенін паш еткен ол ерекше көркімен, ақындығымен, әнші-сазгерлігімен тарих бетіне жазылған өнер иесі.

Майра Уәлиқызы Шамсутдинова Кереку қаласында дүниеге келген. Әкесі Уәли мен анасы Қатира жалғыз қызы Майраны қатарынан кем қылмай өсіріп, қала әдеті бойынша молдаға беріп, сауатын ашты. Майра бала кезінен орыс балаларымен етене араласып, орыс тілін жетік меңгерді. Бала кезінен гармон тартуға құштар болғандықтан әкесі «тальянка» деп аталатын шағын, қоңыраулы гармонды сатып әпереді. Өз бетімен білетін әндерін ойнай отырып Майра гармонды тез арада үйреніп алады. Жасы он үш-он төртке келгенде Майра Керекуге аты шыққан әнші қыз атанады. Той-думан Майрасыз өтпейді. Талшыбықтай бұралған сұлу Майраның әсем де сыңғырлаған дауысы гармон үніне қосылғанда тыңдаушы ұйып, жан ләззатына бөленетін.

Кереку маңына аты жайыла бастаған Майраны ата-анасы Баянның жәрмеңкесіне апарады. Майра ең алғаш Ғарипан Томашев деген татар саудагердің үйінде ұйымдастырылған ойынға қатысады. Ойын соңында ән кезегі Майраға келеді. Бағанадан бері бала қырандай қомданып отырған әнші қыз гармонын құлаштай созып, халықтың «Екі жирен» әнін шырқата жөнеледі. Одан кейін «Қарғам-ау», «Сәулемай» сияқты әсерлі әндерді тамылжыта орындай береді. Жиналған жұрт ән шәрбатына сусындайды. Осы жиында Майраның шырқаған әндері Баянның игі жақсыларының жүрегін тербеп, ерекше әсер қалдырады. Бұлбұл әншіге Мұса Шормановтың немересі Жаржанның /шын аты Жармағамбет/ көзі түседі. Той тарқай бастағанда кісі салып Майраға өз көңілін білдіреді, бірақ қыз жауабын бермей үнсіз еліне қайтады.

Жаржан болыс көп кешікпей өзінің сойылын соғар жігіттермен келіп, бір түнде Майраны күшпен тартып әкетеді. Шорман тұқымдары ат шаптырып той жасайды. Көпшілік жаңа түскен келінге ән салдырады, ризашылықтарын білдіреді. Майраның өзінің өжет мінезінің арқасында келін болып түскен жерінде алқалы топта ән салып, өнерін жалғастыра береді. Майраны тоқалдыққа алған Жаржан екі жыл өткен соң соқырішек ауруына шалдығып, Омбыға операция жасатқанымен сәтсіз болып дүниеден өтеді. Майра Керекудегі үйіне оралғанда әкесінің қайтыс болғанын естіп қатты қайғырады.

«Өнерді үйрен де жирен» дегендей, Майраның домбырамен қосылып салған әндерінің әсері де ерекше деседі. Әсіресе, Арқа әндерін нәшіне келтіріп, ерекше сезіммен әсерлене орындай білген. Ән салған сайын жүзі нұрланып, ол құлпырып кететін. Майра осы сәтті бақытқа балап, бар дүниені ұмытып, ән қанатында керемет күйге бөленетін. Ән салмаған кезде жүзінен әлдеқандай арман-өкініш, тұңғиық мұң сезілсе, ән салғанда жадырап жайнап кететін. Бұл - өнер құдіреті болса керек.
Майра Уәлиқызы алғаш халық арасында орындалатын әндерді айтуға машықтанған болса, келе-келе әр өнер иесінің өзі жайлы айтары болуы керектігін ескеріп, ұзақ толғаныстан соң «Майра» әнін шығарады. Бұл ән әнші-композитордың бағын ашып, халқына танымал болуына жол ашты.

Даланың әнші қызы тыңдаушысын іздеп Қоянды жәрмеңкесіне келеді. Бір айға жуық Талды жазығында көш жерге созылған жәрмеңкенің ертелі-кеш сайрайтын бұлбұлы да Майра еді.

Әнші өз басынан өткен сәтсіздікті ұмыту үшін өз жанынан «Ертіс», «Толқыма», «Қызыл гүл», «Ахау аридай» әндері әншінің елге тануына септігін тигізді. Әншінің атағы алысқа жайылады, түрленіп қайта түлеген өнер иесі тағы да Баян жәрмеңкесіне барады. Бұл жолы ол халықтың ерекше сый-құрметіне бөленеді. Майраның өнері мен сұлулығына тәнті болған семейлік Әбілмәжін дейтін палуан әрі оқыған жігіт әншіні әдейі іздеп Керекуге келеді. Олар көп сырласып, бір-бірін ұнатып, сөз байласып Семейге аттанады. Аздан соң Майра Керекудегі анасын қолына көшіріп алады.

Ол кезде әр демалыс сайын қала тұрғындары қалың орман ішінде жиналып ойын-сауық құратын. Майра сол жиында ән атасы Әміремен, Абай аулының әншісі Әлмағамбетпен кездеседі. Осыдан бастап игі жақсылар арнайы концерт ұйымдастырып, шығармашылық байланыста болады. Майра өзінің әнімен, сәнімен көпшіліктің көзіне түседі. Сән-салтанатымен бақыт құшағында жүрген Майра көре алмайтын дұшпандардың кесірінен өмірлік жары Әбілмәжінмен сөзге келіп, аралары ашыла бастайды. Араларына от жағып, арандатып жүрген адамдардың пиғылдары іске асып, ерлі-зайыпты адамдар ажырасып тынады.

Белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Екі әннің тарихы туралы» естелігінде Майраның «Бақша» әні Әбілмәжінге арналғанын баса айтады. Араға түскен қызғаныш оты адал махаббатты құрбан етеді. Майра күйеуінен айрылған кезде анасы дүние салады.

Майраның «Бақша» әнін белгілі өнер зерттеушісі Александр Затаевич « . .. Бұл керемет, жаныңа тиетін, қайғыға толы мелодия, бұл әнді «Аза әні деуге болады» десе, академик Ахмет Жұбанов «Қалай дегенде - «Бақша» -әннің асылы» деген екен. «Бақша» әнінен кейін Майра Уәлиқызының «Арғы жағы Ертістің» деген әні жарық көреді. Бұл Майраның жалғыздықтан жан жүдеп, дертке дауа таба алмаған сәттерінде туған мұңды ән. Өкінішке орай бұл ән біздің фонотекамызда жоқ.
Халқымызға белгілі әнші Байғабыл Жылқыбаевтың естелігінде әкесі Жылқыбайдың Уәлимен достығы жайлы айта келіп, жас кезінде Майраның үйінде тұрғанын әңгімелейді.

Майра Байғабылды халық арасында ән айтқанда шәкірті ретінде ертіп жүреді екен.

«Майра татарша киінетін. Арықша, ақсары, атжақты, қаракөз қызға жігіттер қызыға қарайтын. Байғабыл Майра Уәлиқызымен Қоянды жәрмеңкесіне бірге барып талай ән салған. Бай мен бек, сері жігіттер Майраны көруге, әнін тыңдауға әркез құмар еді. Майра, Қажымұқан, Исалар бірге жүріп ел аралап өнер көрсететін. Майра тау бұлағындай таза да мөлдір даусымен ән салғанда дауысы бір қарлықпайтын, қайта ән салған сайын дауысы ашыла түсетін. Тыңдаушысын сүйсіндіріп, тебірентіп отыратын. Дауыс асқақтығы, тынысының кеңдігі Жамал Омароваға ұқсайтын» деген еске ала отырып, Байғабыл Жылқыбаев.

Бірде каютада отырған Александр Затаевич гармонға қосылып ән салған әйел дауысын естиді. «Апырай, бұл кім екен? Қазақ әйелдерінің ішінен гармонмен ән салған әншіні көрген емеспін. Бұл дәу де болса Майра... Иса мен Қалыбек айтқан Майра осы да» деп ән естілген жаққа беттеді. Халық әншіні қоршап алған. Затаевич Майрамен осы жерде танысады. Майра ән шырқайды. Затаевич Майраның он үш әнін сол жерде нотаға түсіріп алады. Майраның дарынына тәнті болған Затаевич әншіні астанаға шақырады. Майра денсаулығының төмендеп кеткеніне байланысты бара алмай қалады.

«Әнші Майра» жинағындағы Сасан Нұрғалымовтың «Ақын аға мен әнші Майра» атты естелігінде 1909 жылы тамыз айында Жетісу рәсіміне Қаракесек руынан шыққан діндар Мұстақым Малдыбаев деген жігіт пен әнші Майраның келгенін айтады. Бұл салтанатты жиынға Әсет те шақырылған деген мәлімет бар. Бір сенімсіздігі көптеген деректерде Майраны 1896 жылы туды деседі. Сонда он үш жастағы қыз танымайтын жерге бөтен еркекпен қалай келген? - деген сұрақ туады. Оның әржағында Кереку мен Ақсудың арасы да ұзақ жол. Майра мен Мұстақым біздің елде бір жыл болып ел аралады» делінген бұл естелікте. Бұл да ақылға сыймайтын тірлік. Майра еліне аттанарда Жетісумен «Қоштасу» әнін айтқанда бала Ілияс Жансүгіров :

Майра апай, сіз бе едіңіз өнері асқан,

Құмар ем сөзіңізге бала жастан,

Сайраған үніңізді естігенде

Тіл қаттым жастығыма қарамастан, - деп өлеңін жалғастырған екен. Осы бір естеліктің күмәнді жерінің көптігін баса айтқан жөн.

Жалпы Майра Уәлиқызы жайлы жазылған Ахмет Жұбановтың, Ғабит Мүсіреповтың, Әбділда Тәжібаевтың, Сапарғали Бегалиндерден бастап Еркінбек Дүйсенбеков пен Мақсұтжан Майшекин секілді ғалым, жазушылардың естеліктері қиюы келмейтін қайшылықтарға толы екенін жасырмау керек. Ғабең өз естелігінде: «Майраны ең алғаш Күйекбай деген байдың баласы айттырады. Қызға ұрын келгенде есебін тауып, Майраны Әсет деген жігіт алып қашады. Содан бері Майра он бір жыл жесір отыр» деген. Әнуар Рақышұлы «Халық мақтанышы» естелігінде «Майра менің әкем Рақышқа тұрмысқа шыққан» депті. Мұхамеджан Дәуренбековтың «Шәкірт лебізі» атты естелігінде: «Байғабыл Жылқыбаевтың айтуынша, Майраның құдаласып қойған тұңғыш қосағының аты Шақар, ол Майра екеуі отау құрғаннан кейін сегіз айдан соң қайтыс болады делінген.

«Майра сауық кештерінің бірінде поляк жігіті Васямен танысып, ақтық сапарға аттанғанға дейін бірге өмір сүрген» деген ой айтады. Айта берсек, әр естелікте Майра жайлы автор өзінше тұжырым жасайды. Ал Майраның туған, қайтыс болған жылдары да көп жерлерде анық жазылмаған. Майраның өлімі туралы қағазда ол 1927 жылы 25 қаңтарда қайтыс болған делінген. Сонда Майраның туған жылы 1890 жылы болғаны ғой.

Атап айтсақ, қазақ халқына аты белгілі музыка зерттеушісі, ғалым А.В. Затаевичтің "Зерттеулер. Мақалалар. Хаттар" атты кітабының (Алматы, 1958 жыл) 277-бетінде Майра 1890 жылы туды деп тайға таңба басқандай етіп атап көрсетілген. Көп деректерде 1896 жылы туған деседі.

Әлі де зерттеуді қажет ететін сан-саққа жүгірткен естеліктерден ортақ мәмілеге келетін қорытынды жасап, деректі жинақ жазу, әнші-композитор жайлы ғылыми диссертация жазу болашақтың ісі. Біздің білетініміз, халқымыздың ән мұрасына құнды шығармаларын қосып, өз заманының бұлбұлы атанған аяулы Майра Уәлиқызының шоқтығы биік өнері.

Тағдыр талқысына түссе де, өзінің асқақ рухының, өшпес өнерінің арқасында өнеріміздің шоқ жұлдызына айналған, халқымыздың сал-серілік дәстүрін келер ұрпаққа тапсырған дара тұлға Майра Уәлиқызының есімі сырға толы әні арқылы жарқырай түспек.

Алтын Иманбаева,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар