Де Ла Хойя: Егер Хопкинс Ковалевті жеңсе, келесі айқасын Головкинмен өткізбек ойы бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - IBF және WBA (Super) нұсқалары бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Бернард Хопкинс 32 жастағы қазақстандық Геннадий Головкинмен кездескісі келеді.

Осы демалыс күндері Хопкинс Атлантик-Сити қаласында (АҚШ, Нью-Джерси штаты) WBO нұсқасы бойынша осы салмақтағы әлем чемпионы, 31 жастағы ресейлік Сергей Ковалевпен жекпе-жекке шығады. Golden Boy басшысы Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, алдағы жылдың қаңтар айында 50 жасқа толатын Хопкинс Головкинмен бағын сынап көруге ниетті.

«Егер Хопкинс Ковалевті жеңсе, келесі кездесуін Головкинмен өткізгісі келеді. Біз осыны жүзеге асыруға тырысамыз», - деген Де Ла Хойяның сөздерін келтіреді Sports.yahoo.com.

Артынша шолушы Кевин Айоли Головкиннің промоутері Том Лёффлерден түсініктеме сұрады.

«Мен қызықты айқас болады деп ойлаймын. Алдағы жылдың ең үлкен жекпе-жегінің бірі болады, бірақ көптеген жайттарды келісу қажет. Геннадий үшін 168 фунттан жоғары айқасу мүмкін деп ойламаймын», - деп мәлімдеді Лёффлер.

Алайда Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчестің пікірі басқаша. Оның айтуынша, бүкіл спорттық жолын орта салмақта (160 фунт; 72,6 келі) өткізген Головкин бірден екі санат жоғары - жартылай ауыр салмаққа (175 фунт; 79,4 келі) көтеріле алады.

«Мен оны Геннадий үшін жақсы айқас болады деп ойлаймын. Біз аралық салмақ - 169 немесе 170 фунт туралы келіскіміз келеді, бірақ жартылай ауыр салмақта шығу керек болса, одан бас тартпаймыз. Менен жаттықтырушы ретінде: «олай жасау мүмкін бе?» және «Бұл айқас саған ұнай ма?» деп сұраса, мен екі сұраққа да «иә» деп жауап беремін», - деді Санчес.

Соңғы жаңалықтар