ДДҰ: соңғы аптада әлем елдерінде КВИ жұқтырғандар саны 9%-ға азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, өткен аптада 6,5 млн-нан астам адам коронавирус жұқтырып, 14 мың адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 9%-ға аз. Алайда Қазақстанда соңғы 2 аптада коронавирустың таралу қарқыны 3,2 есеге өскені байқалады. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар көрсеткіші 3%-ға қысқарған. Нақтырақ айтқанда, вирус жұқтырғандар санының өсуі Батыс Тынық мұхиты аймағында және Африкада байқалады. Ал ауруды жұқтырғандар Еуропада және Шығыс Жерорта теңізінде айтарлықтай төмендеген.

Өлім-жітімнің едәуір өсімі Батыс Тынық мұхиты аймағында, Шығыс Жерорта теңізінде және Оңтүстік-Шығыс Азияда анықталған. Ал Еуропада ауру көрсеткіші азайып отыр. Соңғы бір аптада ең көп ауру жұқтырғандар Жапанияда тіркелген. Олардың саны 1 379 099 адамды құрайды. Ал АҚШ-та - 923 366 адам, Корея Республикасында - 564 437 адам, Германияда - 459 724 және Италияда - 394 583 адам вирус жұқтырған.

3 тамыздағы жағдай бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына пандемия басталғалы 557 018 226 адамның коронавирус жұқтырғаны және 6 401 046 адамның қайтыс болғаны хабарланған. Төменде көрсетілген кестеден әлем бойынша соңғы аптада хабарлаған 100 000 тұрғынға шаққандағы COVID-19 оқиғаларымен толығырақ таныса аласыздар.

Еуропа аймағында апта сайын 1,9 миллионнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Бір ай бұрын омикронның жаңа штамдарының таралуына байланысты жағдайлардың күрт өсуі байқалды. Алайда соңғы аптада вирус жұқтырғандар саны 35%-ға төмендеген. Өлім көрсеткіші де 26%-ға азайған. Алайда Германияда індет жұқтырғандардың көрсеткіші әлі де жоғары. Бұл елде күн сайын 80 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылады.

ДДҰ мәліметтері бойынша, соңғы аптада аурудың өсімі әлемнің 69 елінде байқалып отыр. Ресейде ауру 68% - ға, Венгрияда 40% - ға өскен. Батыс Тынық мұхиты аймағында жұқтырғандар санының 20%-ға және Африкада 5% - ға өсуі байқалған. Сонымен қатар Батыс Тынық мұхиты аймағында өлім-жітім жағдайы 44%-ға, Оңтүстік - Шығыс Азияда - 20%-ға артқаны тіркелген. Сонымен қоса Түркияда соңғы бір апта ішінде инфекцияның таралу қарқыны бірден 1,5 есеге өскен. Соңғы күндері 50 мыңнан астам вирус жұқтырғандар тіркелгені белгілі болған.

Еліміздегі эпиджағдай

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 362 647-ге жетті. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы 2579 адамнан анықталған.

Балалар арасындағы коронавирус жағдайлары

4 тамыз күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазір елімізде 400-ден астам бала коронавируспен ауырып жатырғанын мәлімдеді. Оның дерегінше, жыл басынан бері коронавируспен 6 мыңнан астам бала ауырған. Министр балалардың сырқатты қалай өткеріп жатқанына тоқталып өткен еді.

«Қазіргі таңда ауруханаларда 423 бала емделіп жатыр. Әрбір баланың денсаулығын министрлік деңгейінде бақылап отырамыз. Қазір ауырып жатқан балалардың 21%-ы жеңіл, 77 %-ы орташа, 0,7 %-ы ауыр өткеріп жатыр. Яғни, қазір 3 бала реанимацияда. Ол балалардың денсаулығын дәрігерлер қадағалап, соның ішінде республикалық деңгейдегі мамандар емдеу процесіне араласып отыр», деді министр.

Ведомство басшысының мәліметінше, соңғы екі аптада елімізде коронавирустың таралу қарқыны 3,2 есе өскен. Ол вирустың бұл түрі жеңіл өтіп жатқанымен бірнеше санаттағы адамдар үшін әлі де қауіпті болып отырғанын атап өтті.

«Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалады. Өсім барлық өңірлерде тіркеліп жатыр. Соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда ауырған адамдардың саны 10 714 жағдайдан 34 550 жағдайға дейін, яғни 3,2 есеге өсті. Коронавирус жеңіл өтіп жатқанымен, дер кезінде емделмесе, асқынып кететінін ескерткім келеді», - деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ министр коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда емделіп жатқанын еске салып өтті. Оның мәліметінше, қазіргі таңда республикада 5 062 төсек-орын бар.

«191 инфекциялық аурухана КВИ бойынша стационарлық көмек көрсетеді, төсек-орынмен қамту 28%-ды, реанимациялық төсек-орын 7%-ды құрайды. Инфекциялық төсек-орын қолдану көрсеткіші, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы (55%) мен Солтүстік Қазақстан облысында (59%) байқалып отыр», - деді министр.

Сондай-ақ Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы қатаң шектеу шаралары қандайда бір өңір немесе республика «қызыл» аймақта кірген жағдайда енгізелетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 5 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында «қызыл» аймақта ешқандай өңір жоқ. «Сары» аймақта – тек Нұр-Сұлтан қаласы. Ал «жасыл» аймақта – Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Абай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары бар.


Соңғы жаңалықтар