ДДҰ болжамы: Еуропада «омикрон» штамынан кейін пандемия тоқтауы мүмкін
2022 жылғы 24 қаңтар 11:54

ДДҰ болжамы: Еуропада «омикрон» штамынан кейін пандемия тоқтауы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропада коронавирустың «омикрон» штамынан кейін пандемия тоқтауы мүмкіндігі туралы болжам жасалды. Израиль індетке қарсы төртінші дозамен егу нәтижелерін жариялады. Бұл туралы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Израиль ғалымдары вакцинация кезіндегі үдеткіш дозалар туралы мәліметтерді жариялады. Бұл жағдайда препараттың коронавирусқа қарсы төртінші дозасының әсері бағаланды. «Қорытынды – вакцинаның төртінші дозасы коронавирустан екі есе жақсы қорғайды», деп хабарлады Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі.

Бұл шешім 60 жастан асқан адамдар арасында жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне негізделген, төртінші рет вакцинация жасаған 400 мың қарт израильдіктің, сондай-ақ вакцинаның тек үш дозасын алған 600 мың израильдіктің деректері ескерілген.

Айта кетейік, Израиль коронавирусқа қарсы төртінші дозамен вакциналауды қаңтар айында бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың «омикрон» штамы Еуропада пандемияның тоқтауына ықпал етуі мүмкін деген болжам жасады. «Вирустың бұл нұсқасы COVID-19 инфекциясын жаңа, соңғы фазаға ауыстырды», деді ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клуге. «Еуропа пандемияның соңғы кезеңіне жақындап қалғаны әбден мүмкін», - деді Клуге. Оның пайымдауынша, «омикрон» штамы басылғаннан кейін Еуропада жаһандық иммунитет біраз уақытқа сақталады. Мұның себебі вакцинация мен аурудан сауыққаннан кейінгі ағзада болатын ішкі қорғаныс.

Алайда, бұл ретте, халықты иммундау қарқынын төмендетуге еш жол беруге болмайды.


Jańalyqtar

MURAǴAT