ДДСҰ коронавирус науқастарына тағы 3 препаратты сынақтан өткізеді

Фото: None
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Solidarity клиникалық зерттеуі коронавирусқа қарсы тағы үш препаратты сынақтан өткізе бастайды. Solidarity PLUS препараттарды зерттеуді 52 елде жүргізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат ДДСҰ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзі ұйымдастырған Solidarity зерттеулерінің келесі кезеңі басталғанын мәлімдеді. Ол Solidarity PLUS деп аталды. Оның барысында COVID-19-ға қарсы тағы 3 препараттың тиімділігі стационарлық жағдайда ауруханаға түскен науқастардың қатысуымен сыналады.

Бұл препараттар – артесунат, иматиниб және инфликсимаб. Оларды тәуелсіз сарапшылар комиссиясы коронавируспен ауруханаға түскен науқастар арасында өлім санын азайтады деген сеніммен таңдап алған. Олар қазіргі кезде басқа ауруларды емдеуде пайдаланылады. Мысалы, артесунат безгектің ауыр түрін емдеуде қолданылса, иматиниб қатерлі ісіктің кейбір түрлерін емдейді, ал инфликсимаб Крон ауруы сияқты иммундық жүйе сырқаттарында және ревматоидті артритте қолданылады.

Solidarity PLUS зерттеулеріне 52 елдің 600 стационарлық медициналық мекемесінен мыңдаған зерттеуші қатысуда.

Бұдан бұрын зерттеулер аясында төрт препараттың тиімділігі бағаланған болатын. Зерттеулердің қорытындысы бойынша, ремдесивир, гидроксихлорохин, лопинавир және интерферон препараттарының COVID-19-бен ауруханаға түскен науқастардың өліміне әсері жоқ немесе әсері болмашы деген түйін жасалған.


Соңғы жаңалықтар