ДДСҰ комиссиясы «Спутник V» туралы деректерді зерттеу үшін Ресейде жүр

None
None
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ТАСС-ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) командасы ресейлік «Спутник V» вакцинасын сертификаттау аясында, препарат туралы деректерді зерттеу мақсатымен Ресейде жүр. Сапар соңында есеп дайындалады. Бұл туралы ТАСС агенттігіне берген сұхбатында ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен әу-бастан ресейлік билікпен байланыстамын. Себебі біздің алдымызда вакцинаны мақұлдау міндеті тұр. Дәл қазір біздің мамандар РФ-да, олардың миссиясы 4 маусым күні аяқталады. Сол кезде ұсыныстар қамтылған есеп дайын болады», - деді ол.

Клюгенің айтуы бойынша, «Спутник V» вакцинасын сертификаттауға қатысты «оптимизмге негіз бар». «Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі де, ДДСҰ да вакцинаны зерттеуде. Өз алдына мұның өзі – жақсы белгі», - деп қосты ол.

Сонымен қатар Ханс Клюге халықты бірден бірнеше вакцинамен қамтамасыз ету бойынша ресейлік биліктің жұмысын жоғары бағалады.

«РФ-да қазіргі кезде бірнеше вакцина қолжетімді. Дегенмен бізге халықтың неғұрлым көп вакциналанғаны керек. Осылайша, бізге екпе алған азаматтардың үлесін арттыру қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, «ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 70% вакцина алуы керек». «Белгілі бір нақты сандар жоқ, дегенмен вакциналау жылдамырақ және ауқымдырақ жүруі тиіс», - деп қосты Клюге.

Бұл орайда ол Еуропадағы жағдайды үлгі етті. «Қазіргі кезде ДДСҰ-ның Еуропалық өңірінде халықтың 26% кем дегенде вакцинаның бір дозасын алды. Бұл – жақсы жаңалық, - деді ол. – Алайда қарқын бұдан едәуір жоғары болуы шарт. Сол кезде біз сенімді боламыз. Сол себепті бұл жағдайда жылдамдық – біздің жақын досымыз».

Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі 4 наурыз күні «Спутник V» вакцинасына бірізді сараптама жасау процедурасының басталғаны туралы хабарлады. Қазіргі кезде ресейлік препараттың тіркелуі аяқталған жоқ.

«Спутник V» ресейлік вакцинасы ортақ халқы 1,5 млрд адамнан асатын 60 елдің реттегіштерімен тіркелген. 30-дан астам ел аталмыш вакцинамен жаппай вакциналауды бастап кеткен. Оның 91,6% деңгейіндегі тиімділігі The Lancet жетекші медициналық журналындағы жарияланыммен расталған.


Соңғы жаңалықтар