ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Қазақстандағы медицина нысандарын аралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевпен бірге Нұр-Сұлтандағы №9 қалалық емханаға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Клюге емхананың медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету (МСАК) аясындағы қызметімен танысты. Емхана директоры Сәуле Смағұлова алғашқы медициналық-әлеуметтік көмектің моделін және қалпына келтіру емі мен оңалту бөлімшесінің ашылғанын айтты. Емхананың басты міндеті - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тіркелген халыққа сапалы медициналық көмек көрсету.

Пациенттерге ыңғайлы болу үшін емхана залында ақпарат бұрышы орнатылған, онда дәрігерлердің қабылдау кестесі, емханаға тіркелу туралы, сақтандыру мәртебесі жайлы білуге, сондай-ақ емхананың жұмысына қатысты пікір қалдыруға болады.

Медициналық-әлеуметтік терезенің қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған пациенттерге консультациялық көмек көрсетеді. Пациенттермен тұрақты байланыс орнатылған. Емханаға көпбалалы отбасылар, мүгедек балалар келген кезде әлеуметтік қызметкерлер оларды дәрігердің қабылдауына, зертханалық және диагностикалық тексеруден өтуге алып келеді.

Ханс Клюге халық арасында вакцинациялау қалай жүріп жатқанын сұрады. Сәуле Смағұлова профилактикалық егулер Ұлттық егу күнтізбесіне және алдыңғы егу анамнезіне сәйкес жүргізілетінін атап өтті. Орташа алғанда емханада күніне 30-35 вакцинация салынады.

Сондай-ақ, ДДСҰ өкілдері емханадағы Денсаулық сақтау министрлігінің жобалық офисіне барды.
Жобалық офистің басты мақсаты - ҚР Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген МСАК дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру. МСАК дәрігеріне жүктемені төмендету, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою және т.б. міндеттер қойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Ханс Клюге емханада Әлеуметтік және медициналық сипаттағы қызметтердің толық кешені ұсынылатынын атап өтті. Ол емхана қызметін жоғары бағалап, 2018 жылы қабылданған МСАК бойынша Астана декларациясына сәйкес келетінін айтты. Бұл құжаттың негізгі қағидаты - медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту және қолжетімді ету.

Ханс Клюге дәрігерлермен және медбикелермен жүргізілген жұмыс туралы жеке әңгімелесіп, баланы дамыту кабинетіндегі медбикенің қолын алып, ДДСҰ 2020 жылды Медбикелер мен акушерлер жылы деп жариялағанын еске салып, құттықтады.

Кездесу соңында ол медицина қызметкерлерінің адал еңбегіне алғыс айтып, табыс тіледі.

«Емхананың жақсы жабдықталғаны емес, медициналық қызметкерлердің адамдарға деген қарым-қатынасы маңызды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар