Дауыс беру процесі бірқалыпты өтті - Бас прокуратура

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кейбір учаскеде бір адамға бірнеше бюллетень беру деректері анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүддені қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы дауыс беру процесі бірқалыпты өтті. Азаматтардың құқықтарын өрескел бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау заңнамасын бұзудың 19 фактісі анықталды. Атап айтқанда, заңсыз үгіттің 1 фактісі, азаматтардың қолдарына бірнеше бюллетень берудің 11 фактісі, жәшікке 2-3 бюллетень салу және екі учаскеде дауыс берудің 2 фактісі белгілі болды. Бұл фактілер бойынша прокурорлар 18 әкімшілік іс қозғады. Бірнеше бюллентеньдер беру әрекеті бойынша 12 іс, екі немесе одан көп бюллетень салудың, басқа сайлаушы үшін дауыс берудің 6 фактісі бойынша іс қозғалды», - деді ол Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.

Оның атап өтуінше, барлық материалдар қазір сотта қаралып жатыр.

«Заң бұзушылыққа жол берген комиссия мүшелері жұмыстарынан шеттетілді. Мысалы, Қызылорда қаласындағы 251 сайлау уческесінде бір сайлаушыға 5 бюллетень берілгені тіркелді. Оған әкімшілік іс 110-бап бойынша қозғалды. 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы 2-3 бюллетень беру фактісі бойынша Алматы қаласында, Алматы, Түркістан облыстарында, елордада екі учаскеде бір сайлаушыға қатысты прокурорлар 108-баппен іс қозғады. Олардың 4-еуі сотта қаралды. 25 АЕК айыппұл салынды», - деді С.Нұрпейісов.

Соңғы жаңалықтар