Дауылда әріптестерін құтқарып жүріп мерт болған жауынгер марапатқа ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дауылда әріптестерін құтқарып жүріп көз жұмған Ұлттық ұланның жауынгері Алмас Шахимов марапатқа ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қайғылы оқиға кеше Алматы облысындағы 5571 әскери бөлімінде болған.

Ведомство дерегінше, 1-жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы далалық жаттығуда жүргенде дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр бұзыла бастаған.

Осы уақытта қатардағы жауынгер А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, жарақат алған.

Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Дегемен оны ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады.

«Жауынгер А.Н.Шахимов өзінің қаруластарын құтқару барысында жанқиярлық танытып, мерт болды. Марұмның денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортпен жіберілетін болады. Жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады», - делінген құзырлы орган таратқан хабарламада.

Ұлттық ұлан ақпаратына сай, жауынгер Алмас Шахимов 2003 жылы туған.

Ақмола облысы Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен 2022 жылдың көктемінде шақырылған.

Еске сала кетсек, Алмас қаза тапқан дауыл кезінде тағы 14 әскери қызметші жарақат алған. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар