Дәурен Нұралинов Qazaqstan Barysy атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Qazaqstan Barysy-2021 турнирінің жеңімпазы белгілі болды, хабарлайды ҚазАқпарат.

Жартылай финалда турнирдің 2017 жылғы жеңімпазын жарыстан шығарған жамбылдық Ғалымжан Қырықбай шығысқазақстандық Дәурен Нұралиновқа есе жіберді.

Осылайша осымен оныншы рет өткен турнирдің тарихына жаңа чемпионның аты жазылды.

Негізгі уақытты қарсыластар бір-бір бүк ұпаймен аяқтаған болатын. «Белдесу» сәтінде Дәурен Нұралинов жамбылдық балуанды «таза жеңіспен» ұтып кетті.

Дәурен Нұралинов жартылай финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты жыққан болатын.

Айта кетейік, турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізілді.

Он жыл бойы үздіксіз өтіп, миллиондаған көрермендердің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан Барысы» турнирі - ұлттық құндылықтардың тоғысқан арнасы.

Турнирдің құрметті қонақтары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Оныншы рет өткен бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысты, оның ішінде күш құрылымдары арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпаздары да бар.

Қатысушы балуандардың 11-і жобада тұғыш рет бақ сынады. Балуандар Qazaq kuresi Ассоциациясы бекіткен ережеге сай күресті.

Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Е.Қажыбаев 155 келі болса, ең жеңіл салмақта Ерсұлтан Мұзаппаров 90 келі болды.

Ақтық белдесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Дәурен Нұралинов (ШҚО) - «Қазақстан Барысы» атанды.

Ал күміс белбеуді Ғалымжан Қырықбай иеленсе, қола белбеуді маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов жеңіп алды.

Шара аясында спорттық сайыстармен қатар Рамазан Стамғазиев, Қуандық Рахым, «Алатау серілері» этно-тобы ән шырқап, тікелей эфирде ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.

Турнирді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Нұр-Отан» партиясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациясы және «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ мен «Magnum» Қазақстандағы №1 сауда-бөлшек желісі демеушілік жасады.

Оныншы барысқа 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқты» Qazaq kuresi ассоциациясы бірінші вице-президенті Самат Әбіш табыстады. Екінші орын иегері Жамбыл облысының балуанына 5 500 000 теңге және күміс белбеу берілді.

Үшінші орын алған Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов 1 800 000 теңге, сәйкесінше қола белбеумен марапатталды.

Балуандарды марапаттау рәсіміне Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті Әнуар Садықұлов, Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының бірінші вице-президенті Мәлік Мурзалин, Qazaq kuresi ассоциациясы бас хатшысы,«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және «Қазақстан Барысы» жобасының бас демеушісі, Магнум сауда желісінің басқарма төрағасы Азамат Османов қатысып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.

Еске салсақ, тағы бір Qazaqstan Barysy Мұхит Тұрсынов турнирден бірінші айналымда шығып қалды.

Тағы бір Qazaqstan Barysy Айбек Нұғымаров ширек финалда ақтөбелік Еламан Ерғалиевтен ұтылып қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар