Дәурен Қуат: Демократия құндылықтары күнделікті өмірімізге еніп, қоғамның ізгіленуі жеделдей түспек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәлкім, уақыттың тегеурініне шыдау мүмкүін болмаған шығар, бәлкім, саяси жүйенің талабы мен саяси жүрістерінен алданып қалмаудың қиындығынан қиындық көрген шығар, көп жігіттер өздері қоғамдасып құрған биліктен қашты, қаштыңыз не, қарсы шықты. Сол кезде мызғымаған бір адамды білемін, ол – Қаскең – Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев деген кісіңізді мен ұлтын, қазағын сүйетін, сүюдің сұмдығы мен шындығына шыдап, төзе білетін тұлға деп білемін. Қисатпай, қиратпай қазағын мына қым-қуат заманнан алып шығу оған аманат», - дейді Дәурен Қуат.

Одан әрі автор Қазақстанда саяси жүйені жаңғыртуға нақтылы қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.

«Ал енді, ресми мәлімет: Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Үндеуін қанағаттанарлық сезіммен оқып шықтым. Қазақстан бүгіндері әлемдік демократиялық үрдістерге үн қатып, мемлекетіміздегі саяси жүйені жаңғыртуға нақтылы қадамдар жасап келе жатқанын көріп отырмыз. Осы орайда жаңа ұстанымдарға байланысты парламенттік оппозиция институтын қалыптастырып, заң шығарушы органның бір коммисиясына төрағалық етуді, сонымен бірге екі хатшының оппозициялық депутаттар арасынан сайлануы бұрын-соңды болмаған үрдіс екенін айтқым келеді. Бұл көзқарастар мен пікірлердің саналуандығы мен қабылданатын шешімдердің жан-жақтылығын қамтамасыз етеді деп сенемін», - деді ол.

Сондай-ақ, Дәурен Қуат әйелдер қауымы мен жастардың жергілікті органдарға көптеп келуін қолдайтынын айтты: «Жаңа тұжырымдамада, сонымен бірге, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота берілуін нақтылай түседі. Бұрын бұл мәселе ауызша ғана сөз болып келсе, енді орындалуы тиіс құжат болатыны түсінікті. Демек, Президентіміз айтқандай, бұрындары шетқақпай көріп келген әйелдер қауымы мен жастар Парламетте ғана емес, жергілікті органдарға да кеңінен тартыла бастамақ».

Сөз соңында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі қазақстандық қоғамның ізгіленуі жеделдей түсетініне сенім білдірді.

«Үндеуде айтылған мәслихаттар сайлауының партиялық тізім бойынша өтуі көптен бері қоғамда талқыланып келе жатқан дүние. Одан кейін жергілікті әкімдердің сайланып қойылуы өз шешімін табады деп сенемін. Осылайша демократия құндылықтары күнделікті өмірімізге еніп, қазақстандық қоғамның ізгіленуі жеделдей түспек» деп түйді сөзін ол.


Соңғы жаңалықтар