Дәурен Абаев жастарға мемлекеттік қолдау шараларын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі алғаш рет ЖІӨ-нің 0,5 пайызына жетті. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, жастарға мемлекеттік қолдау шараларын шартты түрде екіге бөлуге болады. Олар – дәстүрлі бағыттар бойынша іске асырылатын жалпы шаралар және Жастар жылына орайластырылған жаңа бастамаларды қамтитын арнайы шаралар.

«Жалпы шаралармен 2 миллионнан астам оқитын және жұмыс істейтін жастар қамтылған. Оған жоғары білім алу үшін гранттар, стипендиялар, тегін жатақханалар кіреді. Арнайы шаралармен 722 мың адам немесе елдегі әрбір бесінші жас қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өсті. Бұл көрсеткіш алғаш рет ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызына дерлік жетті», - деді ол.

Д.Абаевтың айтуынша, Жастар жылы аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын жүйелендіру үшін Үкімет Жол картасын қабылдады. Құжатта 89 тармақ бар. Олардың әрқайсысы жастар үшін өмірлік маңызы бар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, білім беру, жас отбасын қолдау және әлеуметтік белсенділікті дамыту сынды мәселелерді қозғайды.

«Бүгінгі күні 13 пункт толығымен аяқталды. Бұлар нақты іс-шараларды өткізуді көздейді. Мысалы, «Зерен» жастар жазғы лагері. Ол жастар көшбасшыларына арналған тренингтер, шеберлік сабақтар мен семинарлар өткізуге бағытталған. Қалған 76 пункт іске асырылуда. Мысалы, «Жас кәсіпкер» жобасы 3 жылға есептелген және тек 2021 жылы аяқталады«, - деді министр.

Бұл ретте ол бірнеше жобаның орындалмау қаупі бар екендігін де жасырмады.

»Оның басты себептері – орталықтағы және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдардың келісілмеген іс-әрекеттері, жекелеген министрліктерді қайта ұйымдастыру немесе жеткізушілердің жекелеген конкурстарға қатысуға қызығушылығының болмауы. Мысалы, 16-тармақ бойынша Еңбек министрлігінің жас қазақстандықтарды кәсіптік бағдар беруге бағытталған «Өзіңді тап» жобасын іске асыруы көзделген. Бірінші конкурс өтпеді деп танылды. Конкурстық рәсімдер қайта өткізіледі. Енді бір пункт – «Мәдениет министрлігінің Қазақстан жас жазушыларының шығармашылығын қолдау үшін Әдебиет академиясын ашу». Алайда, қазіргі уақытта бірыңғай ұстаным, көзқарас, бірыңғай тәсілдер әзірленуде. Жалпы, біз мұндай жобалар бойынша оңтайлы шешімдер іздеудеміз«, - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар