Дәурен Абаев: Жастар жылының аяқталуы – жастар мәселесінің кейінге ысырылғанын білдірмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, Жастар жылының аяқталуымен жастар мәселесі кейінге ысырылады деп ойлап қалмау керек. Мұндай пікірдің өзі дұрыс емес. Себебі, Жол картасының көптеген шарасы бір жылға емес, үш жылға есептелген. Шынтуайтында, шаралардың көпшілігінің жүйелі сипаты бар. Сондықтан, істі тынды деп қорытынды жасауға әлі ерте. Мәселен, «Жас маман» бағдарламасы аясында 180 колледж бен 20 ЖОО-да ең көп сұранысқа ие 100 мамандық жаңғыртылады. Бұл шаралар әлбетте, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, еңбек нарығын өзгертіп, білім сапасын арттырады. Әрине, бір күнде ғана барлық жобаны жүзеге асыру мүмкін емес», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуына қарағанда, Жастар жылы – қандай да бір шаралардың жоспары емес, жастар саясатының бүкіл бағыттарының жүйелі түрде жаңғыруы болып саналады.

«Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында үш мың жас жалға берілетін үйге ие болады. Бұл ретте пәтерлер жұмыс істейтін жастарға берілетінін атап өту керек. Олар үшін бұл айтарлықтай көмек. Осы бағытта қатарынан үш жыл бойы аталған үш қалада жастарға 9 мың пәтер беріледі. Осыдан кейін тәжірибенің сәтті болғанын байқасақ, сөзсіз оны басқа облыс орталықтарына да енгіземіз», - деді ол.

Дәурен Абаев өз сөзінде оқыту, микронесиелеу бағдарламаларының арқасында 200 мыңға тарта жас өрен жұмысқа орналасқанын тілге тиек етті.

«18 мың жас отандасымыз кәсіпкерлік негізін оқып шықты. Олардың үздіктеріне мемлекет гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріп, өз ісін ашуға мүмкіндік ұсынады. Қазірдің өзінде ауылдағы мыңға тарта жас азамат өз бизнес-идеясын іске асыру үшін грантқа ие болды. Әлбетте, проблемалық сұрақтар баршылық. Ол мәселелер жайлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Атап айтқанда, жастардың мемлекет қолдауы жайлы толыққанды білмеуі, білім сапасы секілді проблемалар бар. Осыған байланысты жастарға қатысты бағдарламалар бойынша Үкіметке салмақты ревизия жүргізудің қажет болары анық», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі күн бұрын Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының басталу салтанатына қатысып. жастар саясатының жаңа кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар