Дәурен Абаев: Жастар санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастардың санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан "Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер" тақырыбындағы IV халықаралық діни-ғылыми конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз жас ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Қазіргі жастар өз пікірлерін ашық айта алады. Олар бәсекеге қабілетті, білімге құштар. Ең бастысы олардың санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды. Біз бай мәдениетіміз, ерекше салттарымыз, айрықша тарихымыз бар мемлекеттерміз. Сондықтан фанатизмге, діни консерватизмге, дәлелсіз қағидаларға беріліп кетпей, тура жолдан таймай, дінді дұрыс қырынан насихаттай білуіміз керек деп ойлаймын", - деді министр.

Оның атап өтуінше, діни дамудың қазақстандық моделі мейірімділік, адамгершілік, бейбітшілік сияқты құндылықтардан құралады.

"Елордамызда Елбасының бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өткізіліп тұруы да осының айғағы болса керек. Қазақстан Ұлы даланың рухани мұралары дәстүрімізбен сабақтасып кеткен Ислам қағидаларын құрметтейді. Алайда зайырлы, көпұлтты мемлекеттерге тән, өзге наным-сенім өкілдерінің де таңдауына шектеу қоймайды. Көпконфессиялы әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған қоғамда бірлік пен бейбітшілікті сақтау бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан да бұл қағдидадан таймаймыз", - деді Д. Абаев.

Айта кетейік, конференция жұмысына Еуразия және Ұлы Жібек жолы елдерінің Бас мүфтилері, дін қайраткерлері, діни саладағы мемлекеттік органдардың басшылары, лауазымды тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, жалпы 300-ге жуық делегат қатысып отыр. Жастар жылы аясында өтіп жатқан конференцияның мақсаты - өскелең ұрпақты деструктивті ағымның ықпалынан сақтандыру, оларға дұрыс діни ақпарат жеткізу, экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін Еуразия мен Орталық Азия елдері дін қайраткерлерінің күшін біріктіру, тәжірибе алмасу, "Рухани жаңғыру" идеясын насихаттау.

Соңғы жаңалықтар