Дәурен Абаев жалған ақпаратпен күресудің жолын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Білім және ғылым министрлігіне мектеп қабырғасынан бастап медиалық сауаттылықты арттыру бойынша пилоттық жоба ұсынбақ.

Бұл туралы «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлбетте мұндай оқиға кезіндегі басты құрал – ресми түсіндірме беру. Ақпаратты барынша шұғыл беру керек. Бірақ мұндайда келесі проблемамен бетпе-бет келеміз: WhatsApp-пен арандатушы дауыспен тарайтын хабарлама бүкіл чаттарға 20 минуттың ішінде тарап кетуі мүмкін. Ал бұл хабарламаны растау немесе жоққа шығару үшін одан ұзақ уақыт керек. Атап айтқанда, ол үшін оқиға орнына шығып, ақпараттың шын-өтірігін тексеріп, себептерін анықтау керек. Әлбетте, бұл уақытта қажет етеді», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, бұл үрдіс Қазақстанның ғана емес, әлемнің проблемасына айналған.

«Оның тың мысалын коронавирусқа қатысты жалған ақпараттан-ақ көруге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалған ақпараттарға қарсы тұру үшін «Google» компаниясына жүгінуіне тура келді. Сол себепті мұндай провокациялық жайлармен күресудің ең тиімді әрі ұзақ мерзімді механизмі – ақпаратты тұтыну мәдениеті. Біз сол үшін әрдайым ақпараттық гигиена мәселесін жиі көтереміз. Туысы немесе көршісі бір жіберген ақпаратқа сеніп қалмай, оқиғаның ресми түсіндірмесін күткен адам ғана ақпараттық гигиенаны сақтай алады», - дейді ол.

Дәурен Абаев сол себепті сенімді ақпарат көздерінен жаңалықты бақылап отыру керектігін жеткізді.

«Біздің министрлік мектеп қабырғасынан бастап медиа сауаттылықты арттыру бойынша өз ұсынысын береді. Біз ілкі жоба ретінде бұны Білім және ғылым министрлігіне ұсынғымыз келеді», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар