Дәурен Абаев теңге бағамының құбылуына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін теңге бағамының құбылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, осы аптаға дейін президенттік өкілеттіктің берілуі осылайша тып-тиянақты өтетінін ешкім де болжай алмаған шығар. Дүрбелең болған жоқ. Талқылаулар, болжамдар болды. Мұндай жағдайда орын алуы күтілетін дүрлікпе болды, бірақ дүрбелең емес», - деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

«Бұған көп жағдайда Елбасының халыққа деген әкелік қамқорлығымен айтылған дәлелді әрі байсалды сөздері ықпал етті деп ойлаймын. Тұңғыш Президент мәртебесі, сондай-ақ оның Қауіпсіздік Кеңесіндегі және «Nur Otan» партиясындағы төрағалығы - бағыт-бағдар сабақтастығының кепілі екендігі де маңызға ие. Өтпелі кезеңнің тыныш және тұрақты өтуінің кепілдігі», - деді ол.

Валюта айырбастау нүктелеріне қатысты тоқталған ведомство басшысының айтуынша, Түңғыш Президенттің мәлімдемесінен кейін туындаған бағамның аздаған құбылуы, тар ауқымдағы адамдардың қаржылық алғырлықтарының нәтижесі.

«Дегенмен, Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев мәлім еткендей, мереке күндерінен кейін бағам тұрақтанады», - деп қорытындылады министр.

Естеріңізге сала кетейік, 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті ретінде өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеді.

ҚР Конституциясына сәйкес, ел басқару өкілеттігі сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар