Дәурен Абаев Шымкенттегі атышулы оқиға туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев шымкенттік дәрігердің қамалуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласының №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбаевты адам ағзасын заңсыз алу айыбымен полиция ұстаған еді.

«Істің анық-қанығына жетпегендіктен, әзірге пікір білдіру қиын. Мұндай оқиға өкінішке қарай, аса қажет болып отырған донорлық пен трансплантология институтын қаралайды. Әрине, бұл салада әлемде де, елімізде де бірлі-жарым оқиғалар болады. Бірақ, Қазақстанда мұндай заңсыз әрекет тамыр жайған деп айтуға болмайды, өйткені мұндай қылмыс өте сирек кездеседі», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында.

Министр соңғы жылдары Қазақстан медицинасының орган алмастыруда үлкен жетістікке жеткенін атап өтті. Біздің дәрігерлер ең күрделі оталарды жасап, шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтап жүр.

«Менің білуімше, Қазақстанда бір жылда осындай үш жүзге жуық ота жасалады. Мұның қандай қиын екенін, зергерлік жұмыспен тең екенін білесіздер. Егер өлімнен кейінгі ерікті донорлықты дамытсақ, көбірек адамның өмірін құтқарып қалар едік. АҚШ-та жүргізуші куәлігінде көптеген адамдардың қаза тапқан жағдайда донорлыққа келісім беретіндігі көрсетілген. Қазақстанда бұл әлі жолға қойылмаған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, қазақстандықтар органдардың заңсыз нарықта сатылып кетуінен қорқады немесе діни себептерге байланысты келісім бермейді.

«Алайда, мен дінбасылармен сөйлескенімде, бірде-бір дәстүрлі діннің донорлыққа тыйым салмайтынын айтты. Бұл тұрғыда ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мен бұл туралы ойланып жүрдім және жақын арада өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретінім туралы құжатқа қол қоямын», - деді Д. Абаев.

Соңғы жаңалықтар