Дәурен Абаев ШҚО-ның БАҚ өкілдерімен саланы дамыту мәселелерін талқылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Шығыс Қазақстан облысының БАҚ басшыларымен және редакторлармен, блогерлер мен жастар өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Министр жаңа Жолдаудың әлеуметтік бағыты мен оның қазақстандықтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. Бұл мәселеде ол мемлекеттік қызметті цифрландыру мен автоматтандыруға ерекше тоқталды.

«Бұл барлық азаматтарға қатысты. Мемлекеттік қызмет проактивті болуы тиіс. Біздің алдымызда мемлекеттік қызмет түрінің 90 пайызын электронды форматқа ауыстыру міндеті тұр. Біз оны іске асырамыз», - деді Дәурен Абаев.

Өзгеріс барлық дерлік салаларды қамтиды. Мысалы, 2019 жылы электрондық денсаулық төлқұжаттарын енгізу мен құжат айналымын цифрлы түрде жүргізу кезектер мен бюрократиядан арылтады.

Кездесу барысында өңірлік журналистік қауымдастықтың өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. БАҚ өкілдері министрмен өздерін толғандырып жүрген мәселелер мен қазақстандық журналистиканың келешегін талқылады.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, аймақта 152 БАҚ тіркелген, оның 123-і - баспа басылымдары. Талқыланған мәселелердің дені газет шығарушылардың тап болып отырған қиындықтарына қатысты болды. Дәурен Абаев интернет-басылымдардың саны артып келе жатқанына қарамастан, газеттің өміршеңдігіне сенім білдірді.

«Зерттеулер материалды интернетте оқуға орташа алғанда 40 секунд уақыт кететінін, тура сондай мақаланы газеттен оқу 40 минутқа дейін жұмсалатынын көрсетіп отыр. Себебі, газетті терең ұғынып оқисың. Мүмкін, оқу мәдениетін жоғалтқан болармыз. Бірақ оны қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз»,  - деп сендірді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қазан айында жариялаған Жолдауында келесі жылы мемлекеттік қызметтің 80%, ал 2020 жылы 90% электрондық форматқа ауыстыруды тапсырды. 

 

Соңғы жаңалықтар